САРЫАҒАШ: ТЕГІСШІЛ АУЫЛДЫҚ ОКРУГІ ӘКІМІ САЙЛАНДЫ

31 мамырда Сарыағаш ауданында тарихи оқиға орын алды: Тегісшіл ауылдық округінің әкімі халықтың тікелей сайлауы арқылы тағайындалды. Бұл шешім аудандық аумақтық сайлау комиссиясының ресми хаттамасымен бекітіліп, жеңімпаз Кемелбеков Тансық Қарабайұлы лауазымға ресми түрде тіркелді.

Жаңа әкімнің таныстырылу рәсіміне аудан әкімі Арман Абдуллаев қатысып, оның алдында Тегісшіл ауылдық округі әкімінің аппараты қызметкерлері мен ауыл ақсақалдары жиналды. А.Абдуллаев Тансық Қарабайұлын жауапты лауазымға тағайындалғанымен құттықтап, еңбегіне сәттілік тіледі. Бұл қадам жергілікті өзін-өзі басқару жүйесіндегі ашықтық пен халықтың таңдауына деген құрметтің белгісі болып табылады.

Тансық Қарабайұлы 1969 жылы 7 шілдеде Сарыағаш ауданында дүниеге келген. Жоғары білімі бар маман еңбек жолын 1991–1994 жылдары «Тегісшіл ауыл кеңесінде» әскери міндеттілерді есепке алу столының бастығы болып бастаған. Одан кейінгі онжылдықта ол су шаруашылығы саласында әртүрлі жауапты қызметтерді атқарды: Келес ауданының «Шошым» су каналында бақылаушы, Сарыағаш су шаруашылық жүйелерінде және «Келес-су» ЖШС-інде жұмыс істеді.

2000 жылдардың ортасынан бастап оның қызметі тікелей ауыл әкімдігімен байланысты болды. 2014 жылдан бастап Тансық Қарабайұлы «Тегісшіл ауылдық округі әкімінің аппаратында» ауыл әкімінің міндетін уақытша атқарушы лауазымында жұмыс істеп келеді. Ол салық агенті, жер инспекторы және жетекші маман ретінде ауылдың әлеуметтік-экономикалық дамуына, жер қатынастарын реттеуге және бюджеттік процестерге үлкен үлес қосқан. Ұзақ жылғы тәжірибесі мен аудан тұрғындарының сенімі оның жеңісінің негізгі факторы болды.

Оқи отырыңыз

Соңғы жаңалықтар