Сауран аудандық аумақтық сайлау комиссиясының бастамасымен 2026 жылдың тамыз айында Қазақстан Республикасының Құрылтай сайлауын өткізуге қатысты учаскелік сайлау комиссияларының мүшелеріне арналған каскадтық оқыту семинары ұйымдастырылды. Бұл шараға Шорнақ ауылдық округіндегі №67, 68, 69 және 943-ші учаскелік сайлау комиссияларының мүшелері белсене қатысты.
Семинардың модераторы және баяндамашысы – Сауран аудандық аумақтық сайлау комиссиясының төрағасы М. Казиханов болды. Ол «Құрылтай сайлауын өткізуде сайлау комиссияларының іс-әрекетіндегі заңнамалық аспектілер» тақырыбында маңызды баяндама жасады. М. Казиханов Қазақстан Республикасының Конституциясы мен «Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы» Конституциялық заңының талаптарын тереңдетіп, сайлау процесін ұйымдастырудың барлық кезеңдеріндегі құқықтық негіздерді жан-жақты түсіндірді.
Семинар қатысушыларға сайлау комиссияларының міндеттерін дұрыс орындауға және заң талаптарын қатаң сақтауға бағытталған практикалық кеңестер берді.
