Сайлау науқандарының ашық, әділ әрі заң шеңберінде өтуі — ең алдымен төменгі деңгейдегі учаскелік комиссия мүшелерінің біліктілігіне тікелей байланысты. Осы мақсатта Шардара ауданының Алатау батыр ауылдық округінде орналасқан №869, №875 және №908 учаскелік сайлау комиссияларының мүшелеріне арналған арнайы оқу-семинары өтті.
Бұл іс-шара сайлау жүйесіндегі каскадтық оқыту моделінің (сатылы білім беру) нақты жемісі болып табылады.
Семинардың ерекшелігі — оны сырттан келген мамандар емес, республикалық деңгейде оқып келген аумақтық комиссия мүшелерінің Сарыағаш қаласында ұйымдастырған семинарына қатысып, тәжірибе жинақтап қайтқан шардаралық комиссия мүшелерінің өздері жүргізді. Осылайша, республикалық деңгейдегі маңызды ақпараттар мен әдістемелер аудан орталығы арқылы ауылдық округтердегі учаскелерге дейін жеткізілді.
Семинар барысында қатысушылардың кәсіби деңгейін көтеруге бағытталған мазмұнды баяндамалар жасалды. Құрғақ ақпаратпен шектелмей, сайлау күні туындауы мүмкін түрлі жағдайларға баса назар аударылды, яңни дауыс беру барысында орын алуы мүмкін форс-мажорлық жағдайлар мен оқыс оқиғалар кезіндегі іс-қимылдардың нақты алгоритмдері талқыланды.
Қатысушылар қолданыстағы сайлау заңнамасының талаптарын қатаң сақтай отырып, заңды әрі дұрыс шешімдер қабылдау бойынша өзара пікір алмасты.
«Каскадтық әдіс арқылы оқудан өткен әрбір мүше өз әріптестеріне білімді тікелей жеткізеді. Бұл — шалғайдағы ауылдық округтердегі сайлау учаскелерінің де жұмысын бір жүйеге келтіруге және дауыс беру күні қателіктерге жол бермеуге зор мүмкіндік береді», — дейді ұйымдастырушылар.
Семинар соңында қатысушылар нақты жағдайлық тапсырмаларды орындап, алдағы сайлау науқандарын жоғары деңгейде өткізуге дайын екендіктерін көрсетті.
