ШАЯН АУЫЛЫНДА ЗАМАНАУИ АЛЛЕЯ БОЙ КӨТЕРУДЕ

Бәйдібек ауданының орталығы Шаян ауылында жаңа өмірдің жаршысы іспетті заманауи аллеяның құрылысы қарқынды жүріп жатыр. Ауылдың кіреберісінде бой көтеріп жатқан бұл нысан, тек сәулеттік жағынан ғана емес, сонымен қатар тұрғындардың демалыс мәдениетін көтеруге бағытталған маңызды жоба болып табылады.
Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық және жолаушылар көлігі бөлімінің тапсырысымен жүзеге асырылып жатқан бұл жобаға аудан бюджетінен 103 миллион теңге қаржы бөлінген. Бұл ауқымды қаржы аллеяның сапалы әрі заманауи үлгіде салынуын қамтамасыз етеді.
Бәйдібек аудандық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі бөлімінің басшысы Жандос Азизхановтың айтуынша, аллеяның жалпы аумағы 4200 шаршы метрді құрайды. Жоба аясында тек жай серуендейтін орын ғана емес, сонымен қатар жан-жақты демалыс аймағы жасалмақ. Оның ішінде кішкентай бүлдіршіндердің қауіпсіз әрі қызықты уақыт өткізуіне арналған заманауи ойын құрылғылары орнатылған балалар ойын алаңшасы салынады. Ата-аналар мен балалардың бірге уақыт өткізіп, табиғат аясында демалуына мүмкіндік беретін отбасылық демалыс аймағы ашылады. Бұл олардың Дене шынықтырумен айналысуға ниетті ересек жандар үшін арнайы спорттық тренажерлар орналастырылады.
Әсем субұрқақтар аллеяның көркіне көрік қосып, сергітетін атмосфера қалыптастырса, жасыл желектер мен гүлзарлармен безендірілген бұл аймақ, тыныштық пен жайлылық сыйлайды.
Сонымен қатар, аллеяның 540 шаршы метр аумағына жасыл көгал төселіп, егілген ағаштар мен көгалдарды суару үшін 80 метр тереңдіктен арнайы скважина қазылуда. Бұл, аллеяның жыл бойы жасыл болып, әсем көрініс сақтап қалуын қамтамасыз етеді.
Қазіргі таңда мердігер мекеме кестеге сай қарқынды жұмыс істеп, жобаны мерзімінде аяқтауға барынша күш салуда.
Ауыл тұрғындарының балаларға арналған ойын алаңшасын салу туралы ұсыныстары бұған дейін де айтылып жүрген болатын. Жаңа аллеяның құрылысы туралы жаңалық ауыл жұртшылығын ерекше қуантты. Шаян ауылының тұрғыны Жеңіс Рысқұлбеков тіпті құрылыс басына күнде келіп, жұмыс барысын ынтамен бақылап жүр.
«Жақын жерде тұрған соң күнделікті келіп тұрамын. Мердігерлер аллеяны бір айдың ішінде бітіріп, пайдалануға береміз деп отыр. Бәрінен бұрын балалар үшін қуаныштымыз», — дейді ол көз жанары жайнап.
Бұл маңызды нысанды салу жұмыстарын салада тәжірибесі мол «Констракшн» компаниясы жүзеге асыруда. Олардың бұған дейінгі атқарған жұмыстары да жоғары бағаланып жүр.
Соңғы жылдары Бәйдібек ауданында жол жөндеу, саябақтарды абаттандыру және көгалдандыру бойынша ауқымды жұмыстар атқарылып, тұрғындардың өмір сапасын жақсартуға айтарлықтай үлес қосылуда. Жаңадан салынып жатқан бұл заманауи аллея да сол маңызды жобалардың бірі болып табылады. Ол ауылдың көркіне көрік қосып қана қоймай, тұрғындар үшін жайлы, әсем демалыс орнына айналмақ. Бұл жоба ауылдың әлеуметтік-экономикалық дамуына да серпін берері сөзсіз.

Оқи отырыңыз

Соңғы жаңалықтар