Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров кезекті рет шетелдік инвесторлармен кездесті. Инвестор Түркістан облысындағы заман талабына сай индустриалды аймақтарда және Мақтаарал ауданындағы «Атамекен» кеден бекеті маңынан құрылатын «Орталық Азия» халықаралық өнеркәсіптік кооперация орталығында электр жабдықтарын, пластмасса өнімдерін, жылу құбырларын және өзге де заттар шығаратын кәсіпорындар ашуды көздеп отыр.
«Орталық Азия» халықаралық өнеркәсіптік кооперация орталығы қазақ-өзбек шекарасында құрылады. Мақсат – екі ел арасындағы сауда-саттық көлемін 10 млрд долларға жеткізу.
Көршілес екі ел арасында ірі индустриялық аймақ құру бастамасы 2023 жылы қолға алынған. Бұл жоба үшін Түркістан облысы Мақтарал ауданының аумағынан 50 га жер бөлді, өзбектер тарапынан қаралған жер көлемі – 42 гектар.
Жалпы, шекара маңындағы аумақтарды дамыту бойынша тиісті жұмыстар елдің барлық саланы дамытуға бағытталған қолданыстағы бағдарламалық құжаттары аясында жүзеге асырып жатыр. Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, ауылдық аумақтарды дамытудың 2023–2027 жылдарға арналған тұжырымдамасына шекара маңындағы аумақтарды дамыту бойынша жекелей бөлім енгізілген. Осы құжаттар аясындағы шаралар экономиканы, инфрақұрылымды, туризмді, шекара маңындағы сауданы дамыту, жұмыс орындарын құру, мемлекеттік шекараны кесіп өту орындарын реттеу және басқа да мәселелерді шешуге бағытталған.
Осыған орай еліміздің шекаралық қауіпсіздігін қамтамасыз ету, шекаралық аудандарда халықтың тұрақтауын ынталандыру, ішкі көші-қонды реттеу және еңбек ресурстарын тиімді пайдалану үшін шекаралық аудандарда өндірістік аймақ құрып, шекара маңындағы сауданы дамытуға басымдық берілуде.
Мақтаарал ауданындағы «Атамекен» кеден бекеті маңында қолға алынған «Орталық Азия» халықаралық өнеркәсіптік кооперация орталығын құрудағы мақсат та осы. Бүгінде осынау өнеркәсіптік кооперация орталығынан ғана емес, өңірдегі заман талабына сай өзге де индустриалды аймақтардан өндіріс орындарын салу үшін инвестиция салуға ниетті инвесторлар қатары күн санап арта түсуде.
– Біз өндірісті өркендетуге жаңа зауыттар мен жұмыс орындарын ашуға басымдық беріп отырмыз. Инвесторларға инфрақұрылым бойынша қолдау көрсетуге дайынбыз. Әрбір жобаны сүйемелдеп, бірге жұмыс істейміз, – деді Нұралхан Көшеров.
Кездесу барысында әріптестік жөніндегі меморандум түзу бойынша келісім жасалды.
Жалпы, Мемлекет басшысының инвестиция тарту бағытындағы тапсырмасына байланысты Түркістан облысында қарқынды жұмыс жүріп жатыр. Бұл тұрғыда Түркістан облысының әлеуеті жоғары. Облыс құрылған жеті жыл ішінде аймақ инвестицияға тартымды өңірге айналып, оң имиджге ие болды. Бүгінде Түркістан облысы аумағынан кәсіп ашуға ниетті инвостарлар қатары күн санап арта түсуде. Өңірге инвестиция тарту жұмыстары күшейіп, кәсіпорындар ашылып жатыр.