ШЕРЗАДТЫҢ ЦЕХЫНАН ШЫҚҚАН ӨНІМДЕРГЕ СҰРАНЫС ЖОҒАРЫ

Елімізде «2021-2025 жылдарға арналған кәсіпкерлікті дамыту жө­ніндегі Ұлттық жоба» жоспар бо­йынша жүзеге асып келеді. Құжаттың негізгі міндеттемесі – қаржылай қолдау көрсету. Соның ішінде суб­сидиялау, кепіл болу, жеңілдікпен микрокредиттеу, жетпей тұрған инфрақұрылымды тартып беру және мемлекеттік гранттар беру қарас­тырылған. Кәсіпкерлікті дамытудың 2021-2025 жылдарға арналған Ұлттық жобасы аясында жаңа бизнес-идеяларды жүзеге асыруға бағытталған өтеусіз және қайтарымсыз негізде берілетін грант Түркістан облысының Сайрам ауданында да сәтті жүзеге асуда. Мемлекеттік қолдау мүмкіндігін тиімді пайдаланып отырғандардың бірі Ақсукент ауылының тұрғыны  Шерзад Юсупов.

Кейіпкеріміз 2024 жылы «Бастау бизнес» бағдарламасы бойынша кәсіпкерлік негіздерін оқып, сертификат алады. Сосын кәсіпкерлік мақсаттағы 1,5 миллион теңге көлеміндегі қайтарымсыз грант байқауына қатысып, өз бизнес-жобасын ұсынған.

Шерзад Юсуповтың бизнес-жобасы комиссия тарапынан мақұлданып, ол бұл қаражатқа заман талабына сай құрал-жабдықтар сатып алып, кондитерлік цех ашқан. Оның шағын цехында нан пісіретін үлкен пеш, қамыр илейтін, қалыпқа салынатын қамырды өлшеп кесіп тұратын таразы мен арнайы құрылғы – бәрі-бәрі бар.

Бүгінде оның кондитерлік цехынан шыққан нан өнімдері аудан орталығы мен жақын маңдағы елді мекендерде үлкен сұранысқа ие. Цехтың жұмысына өзінің отбасы мүшелері көмектеседі. Жалпы, мұнда жеті  адам тұрақты жұмыспен қамтылған.

– Ауыл да қазір қала сияқты, кез келген өнімге сұраныс бар. Бізде бұл кондитерлік цехты ашпай тұрып та өз тұтынушыларымыз болған. Көрші-қолаң, ағайын-туыстың тапсырысымен үйде нан өнімдерін жасап сататынбыз. Біртіндеп олардың қатары көбейіп, үлкен тапсырысты қабылдай алмай жүрдік.  Қажетті құрал-жабдықтар сатып алуға біз сияқты қарапайым отбасылардың қалтасы көтере бермейді. Ал, мемлекеттік грант осындайда таптырмас мүмкіндік екен. Бизнес-жобамызды ұсынып, қайтарымсыз қаражат алдым, арты осындай үлкен іске айналып отыр, – дейді Шерзад Юсупов.

Кейіпкеріміз тиісті қаражатты тойға шашып, мақсатсыз игерген жоқ. Керісінше ауылдағы ағайынның той-томалағы мен құдайы астарына жайылған дастарқанның берекесі Шерзадтың нан өнімдерімен артып тұр.

Қайтарымсыз грант тек қаржылық қолдау ғана емес, сонымен қатар еңбек етуге құлшынысы бар Шерзад секілді азаматтарға сенімділік пен шабыт беріп отыр.

Оқи отырыңыз

Соңғы жаңалықтар