ШЕТЕЛДІК ИНВЕСТОРЛАР БӘЙДІБЕК АУДАНЫНА ҚЫЗЫҒУШЫЛЫҚ ТАНЫТТЫ

Түркістан қаласының тарихи орталығында өткен «TURKISTAN INVESTMENT AND TOURISM FORUM – 2025» халықаралық инвестициялық форумы өңірдің инвестициялық әлеуетін арттырудағы маңызды қадам болды. Бұл ауқымды іс-шара аясында Бәйдібек ауданы да өзінің инвестициялық мүмкіндіктерін белсенді түрде таныстырып, шетелдік серіктестермен тығыз байланыс орнатуға ұмтылды.

Форумның маңызды бөлігі ретінде Бәйдібек ауданы әкімінің міндетін атқарушы Бақыт Қырғызалиевтің Қытай Халық Республикасының Шандунь провинциясы мен Баян-Ғол Моңғол автономиялық аймағынан келген инвесторлармен өткізген кездесуі ерекшеленді. Бұл кездесу ауданның әлеуетті серіктестермен тікелей диалог орнатуына және өзара тиімді ынтымақтастық жолдарын іздеуіне мүмкіндік берді.

Кездесу барысында Бәйдібек ауданының ауыл шаруашылығы саласындағы мол мүмкіндіктері, табиғи-туристік бағыттарының әлеуеті және инвестиция тартуға қолайлы жобалар жан-жақты таныстырылды. Ауданның бірегей табиғаты, бай жер қоры және ауыл шаруашылығы өнімдерін өндірудегі дәстүрлі тәжірибесі инвесторлардың қызығушылығын тудырды. Сонымен қатар, туризм саласындағы даму перспективалары, мәдени-тарихи мұралар мен табиғи ландшафтардың туристерді тартудағы әлеуеті айтылды.

Инвесторлар тарапынан жоғары қызығушылық танытылған бірқатар бағыттар бойынша алдын- ала келіссөздер жүргізілді. Бұл келіссөздер, болашақ ынтымақтастықтың негізін қалап, нақты жобаларды жүзеге асыруға бағытталған пікір алмасуларға жол ашты. Серіктестікті дамыту, бірлескен кәсіпорындар құру және инвестициялық жобаларды бірлесіп іске асыру мәселелері талқыланды.

«TURKISTAN INVESTMENT AND TOURISM FORUM – 2025» форумы, өңірдің инвестициялық мүмкіндіктерін кеңінен таныстырумен қатар, жаңа серіктестік байланыстар орнатуға және өзара тиімді жобаларды дамытуға зор үлес қосты. Мемлекет басшысының инвесторларды тарту саясаты аясында, мұндай халықаралық іс-шаралар өңірлердің экономикалық дамуына серпін береді.

Бәйдібек ауданы әкімдігі алдағы уақытта шетелдік инвесторлармен өзара тиімді серіктестікті одан әрі кеңейтуге және жаңа, инновациялық жобаларды іске асыруға толық дайын екенін білдірді. Бұл, ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуына, жұмыс орындарын ашуға және халықтың әл-ауқатын арттыруға ықпал ететін болады.

Инвестициялық форумдар – бұл тек кездесулер мен келіссөздер ғана емес, сонымен қатар өңірдің әлеуетін әлемге паш ететін, сенім мен серіктестік негізінде жаңа мүмкіндіктер есігін ашатын маңызды алаңдар.

Бәйдібек ауданының бұл форумдағы белсенділігі, оның болашаққа деген сенімін және дамуға деген ұмтылысын айқын көрсетті. Аудан басшылығының шетелдік инвесторлармен тығыз жұмыс істеуге дайындығы өңірдің инвестициялық тартымдылығын арттырып, жаңа жұмыс орындарын ашуға, жергілікті өнімдерді экспорттауға және жалпы экономиканың өсуіне жол ашады. Бұл бастамалар, Мемлекет басшысының инвесторларды тарту саясатының нақты көрінісі болып табылады және Түркістан облысының, соның ішінде Бәйдібек ауданының дамуына тың серпін береді деп сеніммен айтуға болады.

Оқи отырыңыз

Соңғы жаңалықтар