Шолпан ЫБРАЕВА — Шымкент қаласының жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасына қарасты «Бақытты жанұя» орталығы» КММ-нің тігін курсының жетекшісі, шебер.
Шолпан Ыбыраева – құрақ құраудың шебері. Ол өз курсында осы орталыққа көмекке жүгінетін аз қамтылған, көпбалалы және жалғызбасты аналарға тігін тігуді ғана емес, құрақ құрауды үйретеді.
Шолпан Ыбыраеваны өпшілік жақсы таниды. Ол күзде Астана қаласында V Дүниежүзілік Көшпенділер ойындары аясында өткен «Аламан құрақ» жобасында 11 200 шаршы метр құрақ көрпе тігуге атсалысып, Кинэс Қазақстан рекордтар кітабына енген.
Қазақстандық Кинэс рекордтар кітабы елдегі түрлі рекордтарды дәріптеп, олардың қоғамға пайдасын тигізуге ықпал етеді. Рекордтар жеке жетістіктер ғана емес, көп жағдайда ұлттық мәдениет пен дәстүрлерді насихаттауға да бағытталған болуы мүмкін.
Шолпан Ыбраева құрақ көрпе тігуге қазақстандық 450 шебермен бірге қатысып, бір түсте, бір техникамен тігіп шыққан.
Қазір Шолпанның өзінің тігін цехы бар. Табысты іскер әйел, көптеген байқаулардың жеңімпазы. Ондаған адамды жұмыспен қамтамасыз етеді. Ол бұл деңгейге оңайшылықпен жеткен жоқ.
«Бақытты жанұя» орталығының көмегіне жүгінетін әйелдер секілді ол да өмірдің қиындығын көрді. Балалары үшін бір күн жұмыссыз отырған емес, аянбай еңбек етті. Ол істемеген жұмыс қалмады. Ауыр жұмыстарды да атқарды. Біреудің үйін жинап, жөндеу жұмыстарын жүргізген кездері де болды.
Түрлі жарнамаларға қарап, желілік маркетингтегілерге де, алаяқтарға да ұрынды. Сол кезде қайтарымсыз гран беріліп жатқаны туралы естиді. Грант туралы ақпарат алады. Таныстарына грант алып, кәсіп бастағысы келетінін айтып еді, көбісі күмән келтіреді. Бірақ Шолпан ешкімнің сөзіне мән бермей, оқыту курсына өатысып, бизнес-жоспарын жасайды.
Шолпан жобасын сәтті қорғап, қайтарымсыз грант иегері атанады. Грант қаржысына тігін машинасын сатып алып, шағын цех ашып, жұмысын бастап кетеді. Қызметкерлер жалдап, оларды тігуге үйретеді. Бірте-бірте клиенттері көбейіп, бүгінде ол тіпті танымал адамдар үшін де тігеді.
Сонымен қатар, ол «Бақытты жанұя» орталығының көмегіне жүгінуші әйелдерге тігін тігуді үйретеді. Олардың кәсіп ашуына көмектеседі.
Міне, бір кездері өзі ешкімнен көмек күтпеген әйел бүгінде өзгелерге көмектесіп жүр.
Жалпы, Шолпан Ыбраева еңбек ететін «Бақытты жанұя» орталығы – әлеуметтік қызмет көрсету саласындағы мекеме. Оның басты мақсаты – отбасы және балаларға қолдау көрсету, олардың құқықтарын қорғау, сондай-ақ әлеуметтік, психологиялық және құқықтық көмек көрсету.
Орталық қоғамның әлеуметтік әлсіз топтарына (аз қамтылған отбасылар, мүгедектер, қиын жағдайдағы әйелдер мен балалар) кешенді көмек көрсетуге бағытталған.
Былтыр «Бақытты жанұя» мемлекеттік мекемесінің қызметкерлері 22 305 аз қамтылған, көпбалалы және жалғызбасты аналар мен әкелерге қызмет көрсеткен.
Бұл орталықта бірнеше бағыт бойынша оқу курстары ұйымдастырылады.
«Орталықта әртүрлі бағыттар бойынша оқу курстары ұйымдастырылды. 2022 жылы 683 ана оқу курстарын аяқтап, жаңа мамандықтарды меңгерді. Атап айтқанда, дефектолог-логопед, компьютерлік, SMM, кейтеринг, кондитерлік, жартылай дайын өнімдерді әзірлеу, пішу, тігу, қолөнер, шаштараз, маникюр, педикюр, массаж және клининг курстарынан өткен. Нәтижесінде, 92-сі өз кәсібін ашып, 392-сі үй жағдайында өз-өзін жұмыспен қамтып отыр. Ал 18 ана «Бизнес бастау» мемлекеттік бағдарламасы аясында қайтарымсыз грант иеленді» дейді «Бақытты жанұя» КММ-нің директоры Абибулла Қалымбет.