«Шымкентте мүгедектігі бар азаматтарды сауықтыру-шипажайымен қамту бағытында өсім бар. Өткен жылы 2 150 мүгедектігі бар азамат сауықтыруға жолданса, биыл 7 166 ерекше жанға шипажайға жолдама берілді» деп хабарлады Шымкент қаласының Өңірлік коммуникация қызметі.
Қаладағы №10 әлеуметтік қызметтер көрсету орталығында I,II топтағы мүгедектер және егде жасына байланысты өзіне қызмет көрсете алмайтын қарттарға стационарлық қызметтер көрсетеді. Орталықтың сыйымдылығы – 70 төсек орын. Қазір орталықта 61 қарт қызмет алуда. Сонымен қатар, 73 әлеуметтік қызметкер 560 жалғызілікті қартқа аптасына екі рет үйіне барып қызмет көрсетеді.
Жыл басынан бері арнайы жабдықталған «Инватакси» қызметіндегі 28 көлік 453 мүгедектігі бар жанға қызмет көрсетуде. Ал, 2023 жылы 350 адам арнаулы көліктің қызметін қолданған еді.
Шымкент қаласында мүгедектігі бар 41 479 азамат тіркелген. Биыл ерекше күтімді қажет ететін азаматтардың қажетті құрал-жабдықтармен қамтылуы ұлғайды.
Мүгедектігі бар азаматтарға қажетті құралдар мен қызметтерге тапсырыс беру әлеуметтік қызметтер порталы арқылы жүзеге асырылады. Яғни, ерекше жандар өзінің электрондық қолтаңбасын (ЭЦҚ) пайдалана отырып, жеке оңалту парағында бекітілген қызметтерді қолдана алады.
Narkesken.kz