Шымкент қаласының әкімі Ғабит Сыздықбеков Орталық коммуникациялар қызметі алаңында өткен көшпелі есеп беру кездесуінде экономикалық көрсеткіштердің халықтың өмір сүру сапасына тікелей әсер ететінін атап өтті. Шымкент қаласы төмен жалақы деңгейімен белгілі өңірлер қатарына кіреді. Алайда, жалақыны арттыруға бағытталған жүйелі шаралар қабылданып жатыр.
«Біз төмен жалақы алатын 15 мыңға жуық азаматтық қызметкердің жалақысын 50 мың теңгеге арттырдық. Бұл мақсатқа жергілікті бюджеттен 10 миллиард теңге бөлінді. Нәтижесінде, жергілікті бюджет есебінен қаржыландырылатын мекемелерде ең төменгі жалақы 140 мың теңгеден асты. Қазіргі уақытта қаланың орташа жалақы мөлшері 12,5%-ға өсіп, 304 мың теңгені құрады», – деді Ғ. Сыздықбеков.
Мегаполис басшысы жұмыс орындарын құру және халықтың табысын тұрақтандыру бағытында жүйелі жұмыс жүргізіліп жатқанын жеткізді. Қалада белсенді жұмыс істейтін азаматтар саны 468 мыңнан асты. Жұмыссыздық деңгейін төмендету мақсатында биыл 45 мыңнан астам адамды жұмыспен қамту шараларымен қамту жоспарланған, оның ішінде 32 мың адам тұрақты жұмысқа орналастырылды. Жұмыспен қамту және мемлекеттік қолдау шараларының нәтижесінде атаулы әлеуметтік көмек алушылардың саны 30%-ға қысқарды, ал өткен жылмен салыстырғанда жұмыссыздық деңгейі 4,8%-ға дейін төмендеді.