2024 жылғы 1 қарашадағы жағдай бойынша Шымкент қаласында 720 адам «қандас» мәртебесін алды, 51 адам 6 айға қандас мәртебесін ұзартқан. Шымкент қаласы әкімдігінің халықты жұмыспен қамту орталығына бүгінгі таңға 114 қандас жүгінген. Олардың ішінен 58 адам жұмыспен қамтудың белсенді шараларымен қамтылған. Бір қандас «Күміс жас» жобасы бойынша жұмысқа орналасты.
Бұл жобаға 50 жастан асқан жұмыссыз адамдар зейнеткерлік жасқа толғанға дейін қатыса алады. Жобаға қатысу үшін Мансап орталығына өтініш беру қажет.
«Күміс жас» жобасын қаржыландыруды Еңбек мобильділігі орталығы жұмыс берушінің жоба шеңберінде жұмысқа орналастырылған жұмыссыздарға еңбекақы төлеуге жұмсаған шығындарының бір бөлігін өтеуге субсидиялар беру жолымен жүзеге асырады. Субсидиялар мөлшері: жұмыстың бірінші жылында жалақы мөлшерінің 70% (бірақ 30 АЕК-тен аспайтын), жұмыстың екінші жылында жалақы мөлшерінің 65% (бірақ
30 АЕК-тен аспайтын), жұмыстың үшінші жылында жалақы мөлшерінің 60% (бірақ 30 АЕК-тен аспайтын) құрайды.
Республика бойынша орташа жалақы мөлшері 135,6 мың теңгені құрады, осы мәннің ең жоғары көрсеткіші – Шығыс Қазақстан (202,7 мың теңге), Қызылорда (180 мың теңге) облыстарында және Астана қаласында (177,6 мың теңге), ең төмен көрсеткіші – Батыс Қазақстан облысында (100 мың теңге) және Алматы қаласында (98,3 мың теңгеден).
«Күміс жас» жобасына қатысу мерзімі аяқталғаннан кейін жұмыс беруші зейнеткерлік жасқа толмаған адамды кемінде 1 жыл мерзімге тұрақты жұмыс орнына, сондай-ақ зейнеткерлік жасқа дейінгі адамды зейнетке шыққанға дейін жұмысқа орналастыруға міндетті.
Көптеген қазақстандықтар жобаға қатысу туралы оң пікір айтуда. Соның бірі – шымкенттік Қали Әжібаев «Күміс жас» жобасы аясында жұмысқа тұрды. 51 жастағы ер азамат қазір мамандығы бойынша жұмыс істеуде.
«Биыл жыл басында жұмыс іздеп Қаратау аудандық мансап орталығына келдім. Ондағы қызметкерлердің көмегімен жұмыссыз ретінде тіркеліп, «Күміс жас» жобасы бойынша берілген жолдама арқылы «Болашақ» ақпараттық-оңалту орталығында әңгімелесуден өттім. Қазір сол мекемеде заңгер болып жұмыс істеймін және өз жұмысыма өте ризамын, — дейді Қ.Әжібаев.
«Күміс жас» жобасына қатысу үшін жеке куәліктің көшірмесі, білімін растайтын құжат, еңбек кітапшасы және банктен 20 сандық есепшот анықтамасы қажет. Бұл ретте жұмыс берушілерге де қойылатын талап бар. Мәселен, әлеуметтік салықтардан, мерзімі өткен жалақыдан берешегі жоқ және бір жылдан астам қызмет ететін мекемелер қатыса алады.
Шымкент қаласында жыл соңына дейін «Күміс жас» жобасымен 768 адамды жұмысқа орналастыру көзделген.