ШЫМКЕНТ: ЦИФРЛЫҚ ЗАҢ ҚЫЗМЕТІ ҚОЛЖЕТІМДІ БОЛА ТҮСТІ

Шымкентте 328 нотариус, 504 адвокат және 1331 заң кеңесшісі тіркелген. Ақпарат алудың ыңғайлылығы мен жылдамдығы көп нәрсені анықтайтын ғасырда құқықтық көмек цифрлық күнделікті өмірдің бір бөлігіне айналады. «Е-Заң көмек» мобильді қосымшасын және жасанды интеллект базасында тәулік бойы жұмыс істейтін чат-ботты іске қосу заң консультацияларының тек кеңселерде ғана емес, пайдаланушылардың смартфондарында да қолжетімді болуына маңызды қадам болды.

Шымкент қалалық Әділет департаментінің басшысы Айнұр Исабекова айтып өткендей, бұл сервистер «eGov» сайты, «Заң көмегі» қосымшасы арқылы, сондай-ақ adilet.zan.kz және «Е-заң көмек» платформаларында қолжетімді.

«1 шілдедегі жағдай бойынша қаланың 5000-нан астам тұрғыны «Е-заң көмегі» мобильді қосымшасы мен жасанды интеллект негізінде құрылған чат-боттар арқылы осы мүмкіндіктерді пайдаланып үлгерді. Кезекте тұрудың немесе адвокат іздеуге бірнеше сағат жұмсаудың қажеті жоқ, бірнеше рет басу жеткілікті. Бұл әсіресе халықтың әлеуметтік осал топтары үшін, сондай-ақ онлайн — сервистерді өз өмірінің табиғи бөлігі ретінде қабылдайтын жастар үшін өте маңызды», – деп атап өтті Айнұр Исабекова.

Айта кетейік,  «E-заң көмегі» — халыққа заң аясында толық ақпарат беретін платформа.Бұл жобаның мақсаты — халықты онлайн режимде тегін білікті заң көмегімен қамтамасыз ету, заң консультанттары мен адвокаттардың қызметін автоматтандыру. Жоба адвокаттардың, заң кеңесшілерінің қызметін, олардың процеске қатысушылармен және басқа да мүдделі тараптармен онлайн өзара іс-қимылын автоматтандыруға бағытталған. Яғни, бұл – көмек көрсетілуі тиіс адамдарға қандай адвокат қандай көмек көрсеткенін тіркейтін жүйе.

Әділет министрлігінің бастамасымен және Ұлттық ақпараттық технология акционерлік қоғамының қолдауымен жүзеге асып жатқан «E-заң көмегі» арқылы қарапайым азамат өзіне керек заңгерді және адвокатты таңдау арқылы мәселесін шеше алады. Онда олар заңгер мен адвокаттың жұмыс өтілімі туралы, жеке жұмыс тәжірибесі туралы ақпарат ала алады.

Оқи отырыңыз

Соңғы жаңалықтар