ШЫМКЕНТ: ЦИФРЛЫҚ ЖОБАЛАРДЫ ІСКЕ АСЫРУ МӘСЕЛЕЛЕРІН ТАЛҚЫЛАДЫ

Цифрлық жобаларды іске асыру, тұрғындарды жоғары жылдамдықты интернетпен қамтамасыз ету, сондай-ақ  «Ақылды қала» тұжырымдамасы шеңберінде Smart City жобасын дамыту мәселелері әрдайым қала әкімдігінің назарында. Шымкент қаласының әкімі Ғабит Сыздықбеков  «Қазақтелеком» АҚ Басқарма төрағасы Бағдат Мусинмен кездесуі барысында осы мәселелерді тағы да жан-жақты талқылады.

Цифрлық шешімдер ұсынылды, олардың ішінде: “AI-Mektep” білім беру платформасы, телемедицина сервисі, жасанды интеллект негізінде медицина қызметкерлеріне арналған құралдар.

Сонымен қатар, ұшуды автоматтандыруды, бұлтқа негізделген бағдарламалық жасақтаманы және “дрон қызмет ретінде” (DaaS – Drone-as-a-Service) моделін қамтитын дрондарды басқарудың бірегей платформасы ұсынылды.

Сондай-ақ, Орталық Азия аумағында алғаш рет Шымкентте іске қосылатын коммерциялық GPU-деректерді өңдеу орталығына (GPU Data Center) ерекше назар аударылды. Бұл орталық жасанды интеллект негізінде есептеу қуатын жалға беру қызметтерін ұсынады.

Тараптар ұсынылған жобаларды егжей-тегжейлі талқылап, оларды кезең-кезеңімен іске асыру бойынша нақты қадамдарды анықтау үшін қосымша кездесу жоспарлады. Бірқатар бастамалар пилоттық режимде жүзеге асырылатын болады, бұл жаңа технологияларды мегаполис жағдайларына сынауға және бейімдеуге мүмкіндік береді.

Кездесу соңында қала басшылығы “Қазақтелеком” АҚ ұжымына Шымкенттің цифрлық трансформациясына қосқан үлесі және табысты әріптестігі үшін алғысын білдірді. Бірлескен бастамалар заманауи, технологиялық дамыған қаланы қалыптастыру үшін негіз болатынына сенім білдірілді.

Оқи отырыңыз

Соңғы жаңалықтар