ШЫМКЕНТ: «ДОСТЫҚ ДАСТАРХАНЫ» ФЕСТИВАЛІ ӨТТІ

Қазақстан халқы Ассамблеясының 30 жылдығына  орай Шымкентте «Достық дастарханы» фестивалі өтті. Іс-шараны Қазақстан халқы Ассамблеясы мен Шымкент қалалық өзбек этномәдени қоғамдық бірлестігі ұйымдастырды. 

Фестивальға Қазақстан халқы Ассамблеясы Төрағасының орынбасары – Президент Әкімшілігі ҚХА Хатшылығының меңгерушісі Марат Әзілханов, Шымкент қаласы әкімінің орынбасары Сәрсен Құранбек, ҚР Парламенті Сенатының депутаттары Алишер Сатвалдиев пен Ғалиасқар Сарыбаев, ішкі істер органдарының ардагері Молдияр Оразалиев, ҚХА жанындағы Медиация кеңесінің төрағасы, Ұлттық құрылтай мүшесі Шерзод Пулатов, сондай-ақ Өзбекстаннан келген «Ватандошлар» қоғамдық қорының өкілдері қатысты.

«Бұл бастама – еліміздегі достық пен өзара сыйластықты, мәдениетіміздің алуан түрлілігі мен берік бірлігімізді айқындайтын маңызды іс-шаралардың бірі. Бәрімізге мәлім, Қазақстан – бейбітшілік пен келісімді ту еткен, түрлі этнос өкілдері бір тудың астында тату өмір сүріп жатқан мемлекет. Мұндай ынтымақ – халқымыздың тарихи таңдауы, көреген саясатының жемісі әрі жарқын болашаққа деген сенімінің айғағы»,-  деді Қазақстан халқы Ассамблеясы Төрағасының орынбасары – Президент Әкімшілігі ҚХА Хатшылығының меңгерушісі Марат Әзілханов.

Іс-шара аясында Қазақстан халқы Ассамблеясының қызметіне белсенді үлес қосқан азаматтарға құрмет көрсетіліп, арнайы алғыс хаттар табысталды. Өз кезегінде сөз алған ҚХА Төрағасының орынбасары, депутаттар мен қала әкімінің орынбасары жылы лебіздерін білдіріп, этномәдени бірлестік белсенділеріне алғыс білдірді.

«Біз ежелден жақсыны жанына тартқан бауырмал, жаны жомарт, қонақжай, кең пейілді халықпыз. Сыйластық, достық, қонақжайлық, сабырлық – сынды құндылықтардың арқасында біздің ортақ үйіміз Қазақстанда бейбітшілік пен қоғамдық келісім сақталып отыр. Ал берекелі бірліктің қадірін білу, байыпты бағамдау сіздер мен біздерге жүктеліп отырған мерейлі міндет екенін ұғынуға тиіспіз», – деді Шымкент қаласы әкімінің орынбасары, қалалық Қазақстан халқы Ассамблеясы төрағасының орынбасары Сәрсен Құранбек.

Айта кетейік, «Достық дастарханы» жобасы Шымкентте 2010 жылдан бері жүйелі ұйымдастырылады. Қалалық өзбек этномәдени бірлестігі мен Қазақстан халқы Ассамблеясы бірлесе бастамашы болған фестиваль 2022 жылдан бері «Достық дастарханы – Шымкент палауы» деген атаумен өткізіліп келеді. Биылғы фестивальдің ерекшелігі – Қазақстан халқы Ассамблеясының 30 жылдығына орай 30 қазан палау әзірленіп, әр қазанға «Бірлік», «Достық», «Жеңіске – 80 жыл», «Бәйтерек» секілді мәні терең атаулар берілді.

Фестивальға Қазақстан өңірлерінен, сондай-ақ Өзбекстан мен Әзірбайжаннан келген үздік аспаздар арнайы шақырылып, өз шеберліктерін паш етті. Әр аспаз түрлі әдіспен палау дайындап, қонақтарды таңғалдырды.

Фестиваль барысында арнайы қазандарда дайындалған 100 келі палау Шымкент қалалық Қазақстан халқы Ассамблеясының волонтерлары арқылы балалар үйлері мен көпбалалы отбасыларға таратылды. Демек осындай тағам дайындау арқылы жақсылық жасауға үндейтін игі бастама болды.

Сонымен қатар, «Ең жас аспаз», «Ең үлкен аспаз», «Жылдың үздік аспазы», «Көпшілік қошеметіне лайық аспаз» секілді аталымдарда үздіктер марапатталды. Бағалау кезінде тағамның дәмі ғана емес, оны әзірлеу шеберлігі, көркем безендірілуі, аспаздардың киім үлгісі мен қызмет көрсету мәдениеті де ескерілді.

 

Оқи отырыңыз

Соңғы жаңалықтар