Цифрландыру мен жасанды интеллект элементтерін енгізу әділет органдары саласының даму тиімділігін арттыруда маңызды рөл атқаратынын дәлелдеп үлгерді. 2025 жылдың алғашқы алты айында Шымкент қаласының нотариустары 390 034 қызмет көрсетті. Оның 15 364-і онлайн-форматта, «e.notary» бірыңғай нотариаттық ақпараттық жүйесі арқылы көрсетілген. Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында Шымкент қалалық Әділет департаментінің басшысы Айнұр Исабекова мәлімдеді.
Айнұр Иабекованың мәлімдеуінше, Шымкент қалалық Әділет департаменті цифрлық платформалардан құқықтық ағартуды дамытуға дейінгі, мамандарды қолдаудан бастап халықпен кері байланысқа дейінгі жүйелі жұмыстарды атқарып отыр.
Айта кетейік, қазақстандықтар 2023 жылдың сәуір айынан бастап үйден немесе кеңседен шықпай-ақ бірқатар нотариаттық іс-әрекеттерді электронды түрде жасауға мүмкіндік алды. Бүгінгі таңда бірқатар нотариаттық қызметтер: сенімхатты рәсімдеу, нотариус кеңесі, мәміле жасауға ерлі-зайыптылардың келісімін алу онлайн-форматқа ауыстырылды.
Мұның бәрі Әділет министрлігі мен цифрлық даму министрлігі бірлесіп жүзеге асыратын «Цифрлық нотариат» пилоттық жобасының арқасында мүмкін болды.
Қызметтер eGov Mobile мобильді қосымшасы арқылы көрсетіледі.
Бастапқыда жобаны іске асыру мерзімі 2024 жылдың 31 желтоқсанына дейін белгіленген. Алайда, Әділет министрлігінің ұсынысымен жоба тағы бір жылға – 2025 жылдың 31 желтоқсанына дейін ұзартылды.
Айта кетейік, «Е-нотариат» жобасының арқасында бұрын жиі сынға ұшыраған атқару жазбалары да қазір автоматты түрде борышкерге SMS арқылы жеткізіліп, азаматтар қарсылығын онлайн түрде жолдай алады. Бұл қағазбастылықты қысқартып, уақытты үнемдеуге мүмкіндік берді.
Еске сала кетейік, «E-нотариат» жүйесінде 2025 жылдың 1 сәуірінен бастап «Тараптардың жеке кабинеті» пайда болды. Функция борышкерге атқарушы жазбаға онлайн режимде келісім немесе қарсылық білдіруге мүмкіндік береді. Биометриялық сәйкестендіру және аумақтылықтың сақталуын бақылау қамтамасыз етіледі.