Қазақстандағы мемлекеттік қызметтерді цифрландыру оларды әрбір азамат үшін қолжетімді, ыңғайлы және ашық етуге бағытталған. Бүгінде елімізде мемлекеттік қызметтердің 92 пайызы онлайн форматта қолжетімді. Шымкент қаласында мемлекеттік қызмет сапасын арттыру мақсатында цифрландыру үдерісі қарқынды жүзеге асырылып жатыр. «Мемлекеттік органның ұйымдастырушылық дамуы» бағытында «Ақпараттық технологияларды қолдану» көрсеткіші 2022 жылы 46%-ды құраса, былтыр бұл көрсеткіш 85%-ға дейін жетіп отыр. Бұл – әкімдіктің жүйелі жұмыстарының нәтижесі.
Сонымен қатар, «Ақпараттандыру туралы» заң аясында бекітілген «Ақылды қалалар» эталондық стандарты бойынша көрсеткіш те едәуір өскен. 2022 жылы – 55% болса, былтыр 76%-ға жетті. Бұл – қалада Smart city қағидаттары тиімді түрде жүзеге асып жатқандығын көрсетеді.
Қаланың білім беру мекемелерінде Alaqan биометриялық жүйесі пилоттық режимде енгізіліп, өзінің тиімділігін көрсетті. №65 мектеп-гимназиясында 6 ай ішінде оқушылардың 99%-ы жүйеге тіркеліп, мектепке кіру, шығу және тамақтану процесі автоматтандырылды. Бұл бастама 1-4 сынып оқушыларының 92%-ын тегін ыстық тамақпен қамтуға мүмкіндік берді. Әлеуметтік осал санаттағы 261 оқушыға арнайы ас мәзірі ұсынылып, бұл ретте бюджеттен 2,3 млн теңге үнемделген. Бұл – цифрлық бақылаудың нақты экономикалық және әлеуметтік пайдасы бар екенін дәлелдейді.
Қаланың экологиясына оң әсер ету мақсатында қоқыс алаңдарын цифрландыру жобасы да жүзеге асырылды. Желтоқсан көшесіндегі №88 мекенжайда орналасқан қоқыс алаңшасында бейнебақылау жүйесі мен QR-код арқылы тікелей өтініш беру мүмкіндігі енгізілді. Жарты жыл ішінде жүйе 52 мәрте алаңшаның толуын, 164 заңсыз автокөлік тұрақтауын және 1 өрт фактісін тіркеді. Сонымен қатар, Желтоқсан, Мангельдина және Измир көшелеріне QR-код тақтайшалары орнатылып, 109 байланыс орталығына тұрғындардан 21 өтініш келіп түскен. Бұл – тұрғындардың белсенді қатысуына мүмкіндік беретін ашық әрі тиімді тәсілге айналып отыр.
Кадрлық құжат айналымын автоматтандыру мақсатында №2 қалалық емханада «HR-process» атты бұлтты жүйе пилоттық негізде енгізілді. 7 айлық сынақ мерзімі нәтижесінде 403 қызметкер жүйеге тіркеліп, 47 қызметкердің жұмысқа келмеу жағдайлар болған. Жүйе арқылы уақытты есепке алу, кешігулерді бақылау, жұмыс кестесін конфигурациялау және қызметкерлердің іс-әрекетін бақылау жүзеге асуда. Сонымен қатар, QR-код арқылы қолжетімділік қамтамасыз етіліп, адам факторының әсерін барынша азайтуға мүмкіндік берілді. Бұл – ашықтық пен тиімділіктің нақты көрсеткіші.
