26/11/2024

ШЫМКЕНТ: NEET САНАТЫНДАҒЫ ЖАСТАРДЫҢ ҮЛЕСІ ТӨМЕНДЕДІ

Еліміздің ірі мегаполистерінің бірі – Шымкент қаласында қазіргі уақытта не жұмысқа, не оқуға тартылмаған 14 660 жас бар. қаладағы жалпы жұмыссыздық деңгейінің 3,1 пайызын жастар құрап отыр. Ал, Қазақстанда не жұмысқа не оқу процестеріне тартылмаған жастардың үлесі шамамен 6-7 пайызды құрайды.

 

Жастар саясатындағы негізгі бағдарламалардың бірі NEET жастарды қолдау болып отыр. NEET – еш жерде жұмыс істемейтін және оқымайтын азаматтардың санаты.  Аталмыш бағдарламаға 35 жасқа дейінгі кез келген азамат оқуын аяқтаған соң үш жылдың ішінде қатыса алады.

Шымкент қаласы «Еңбек мобильділігі орталығы» КММ директорының орынбасары Бекзат ТОЛЫБАЕВТЫҢ айтуынша, жұмыс істеуге ниеті бар жастарға қай кезде де жұмыс табылады.

«Жастар Еңбек мобильділігі орталығы мен Мансап орталықтарына барып кеңес алып, ресми тұрде жұмыссыз ретінде тіркелсе, дипломы бар жастарды мамандықтарына сай «Алғашқы жұмыс орны», «Жастар практикасы», «Ұрпақтар келісімшарты» жобалары арқылы жұмыстарға жолдаймыз. Мамандығы жоқ жастарға арналған да бағдарламалар бар. Оларды қысқа мерзімді кәсіптік оқыту курстары арқылы оқытып, жұмысқа орналастыру мүмкіндігі қарастырылған. Өз кәсібін бастауға ниетті жастар үшін қайтарымсыз гранттар беріледі. Бастысы жастарда ынта-ниет болса болғаны»  дейді Бекзат Толыбаев.

Еңбек мобильділігі орталығы басшысы орынбасарының пікірін қолдайтындар көп.

Шымкенттің тұрғыны Камуна Оразбекова жастардың жұмыс таппауының бірден-бір себебі – өздерінің жалқаулығы мен оңай жол іздеуі, әйтпесе істеймін деген адамға мүмкіндік көп екенін айтады.

«Менің ойымша, қазіргі жастарға жұмыс көп. Жас деген ынталанып, жігерленіп, әрекет жасау керек. Бұларда ешқандай әрекет жоқ. Көбі жалқау. Қазір тек қана телефонға кіріп алған, оңай жолды іздейді. Оңай ақша тапқысы келеді. Бірден көп ақшаға кенелгісі келеді. Олай болмайды ғой. Жас болған соң күш-жігерін жұмсап, ізденіп, үйрену керек» дейді ол.

Ал, Айгүл Сыздықова деген қала тұрғыны: «Қазір көп жерде жастарға төмен жалақы ұсынады ғой. Содан да шығар. Енді жастарды да кінәлай беруге болмас. Үйде отырып та табыс табуға болады. Қолынан не келеді, соны жасап сатса да болады. Өздерін таппай жүрген жастар көп қой. Анаған бір, мынаған бір қызығатын» дейді.

Шымкент қаласының тұрғыны М.Тұртаев та жастарды кінәлау артық деп санайды. «Жастарды жаман дей бермейік. Өмірден өз орнын тауып, ата-анасына демеу болып жүргендер көп. Иә, жұмыссыздар да бар. Оларға үлкендер жағы демеу болып, қолдап жібергені жөн. Жаман немесе жалқау деп айта салу оңай ғой» дейді ол.

Жалпы, NEET санаты дегеніміз – оқу орнында да, жұмыста да емес, белсенді емес жастар. Бұл санатқа бірнеше факторлар әсер етуі мүмкін және олардың жағдайлары бір-бірінен өзгеше болуы мүмкін.

Қоғамда оқу оқығысы, жұмыс істегісі келмейтін жастар баршылық. Оны мойындауымыз керек. Бірақ олардың саны анау айтқандай көп деп айтуға де келмейді.

Бір қызығы, ресми орындар кей жағдайда жүктілігі бойынша декреттік демалысқа шығып, босанған жас аналарды да NEET санатындағы жастардың қатарына қосып жібереді екен. Бұл қаншалықты дұрыс? Біздіңше, декреттік демалысқа шыққан жас аналарды NEET санатына жатқызудың жөні жоқ секілді.

Бұдан басқа, отбасылық бизнесі бар ауқатты отбасының балалары оқуды да, жұмысты да жиып қойып, жеке отбасылық бизнесімен айналысқанды жөн санайтыны белгілі. Отбасылық бизнеспен айналысатын жастар өзіне әлеуметтік төлемдер мен зейнетақы жарнасын аудармағаннан кейін олар да ресми түрде жұмыссыз ретінде танылып, NEET санатындағы жастардың қарасын көбейтуде.

Ал, жалпы NEET санатындағы жастар бірнеше категорияға бөлінетін болса, оның ішінде тіпті сотты болған жастар да жұмыспен қамту шараларына қатыса алады. Мәселен, Шымкенттегі Еңбек мобильділігі орталығы тарапынан жұмыспен қамту шараларына пробация есебінде тұрған 41 жас тартылған. Ал бас бостандығынан айыру орындарынан босатылған 17 жас жұмыспен қамтылған. Сонымен қатар, мүгедектігі бар 372 жас екі қолға бір күрек тапқан.

P.S. Ұлттық статистика бюросы бүгін, 2024 жылғы 21 қарашада, NEET санатындағы жастардың үлесі туралы мәліметтерді жариялады.  Статистикаға сәйкес, олардың елдегі үлесі өткен жылмен салыстырғанда төмендеген. «NEET санатына жататын (жұмыс істемейтін және оқымайтын жастардың үлесі %-дық көрсеткішпен жалпы жастардың санына шаққанда) 15-34 жас аралығындағы жастардың үлесі 2024 жылдың III тоқсанында 6,4%-ды (345,5 мың адам) құрады. Өткен жылы сәйкес кезеңде бұл көрсеткіш 7,1%-ға (381,7 мың адам) тең болды».

Оқи отырыңыз

Соңғы жаңалықтар