26/11/2024

ШЫМКЕНТ: ОҚПУ-ДА 24 МҮГЕДЕКТІГІ БАР АЗАМАТ ЕҢБЕК ЕТЕДІ

Шымкент қаласында Өзбекәлі Жәнібеков атындағы Оңтүстік Қазақстан педагогикалық университетінде 24 мүгедектігі бар  азамат еңбек етеді. Жұмыссыз ретінде ресми тіркелген бұл азаматтар оқу орнына жұмысқа Еңбек мобильділігі орталығы арқылы жолданған.

Мемлекеттік бағдарлама бойынша субсидияланатын жұмысқа жіберілгендердің бірі —  Берікбол Есхан. Ол желтоқсан айында 21 жасқа толмақ. Жас жігіт компьютерге қызмет көрсету технигі болып жұмыс істейді. Төрт жыл колледжден алған білімі бүгінде оның  кәдесіне жарап жатыр.

— Бұл жерде компьютерден базаны қадағалап отырамын. Студенттердің оқу корпусына кіріп-шығуы, уақыты, мерзімі —  бәрі қадағалауда. Осы мәліметтер бойынша есеп беріп отырамыз. Сессия барысында әр студенттің сабаққа қатысуы ескеріледі. Қажет жағдайда белгілі бір студент бойынша мәлімет сқратылса, осы база бойынша қағазға шығарып береміз.   Біздің бөлімде жиырма шақты маман қызмет етеміз. Ұжымдастарым білмегенімді үйретіп жатыр, — дейді компьютерге қызмет көрсету технигі Берікбол Есхан.

«Кедергісіз келешек» жобасы шеңберінде мүгедектігі бар азаматтарды жұмысқа орналастыруға арналған 2-4% квотаның орындалуы Шымкентте өз деңгейінде. Мамыр айына дейін 52 мекемеге 138 азамат жұмысқа орналастырылған. Қазір олардың саны мыңға жуықтады. Осынша адам бағдарламаның игілігін көріп, әртүрлі салаларда қызмет етіп, тиісті жалақысын алып отыр.

— Шымкент қаласында мүмкіндігі шектеулі 41 500 адам бар екен. Оның 7 800-і — 18-ге толмаған жастар. “ Аманат” партиясының Шымкент қалалық филиалы мүгедектігі бар азаматтардың тағдырына бей-жай қарамайды, үнемі  бақылап, қадағалап отырамыз. Оларға көмектесіп, мәселелерін қалалық жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасымен бірлесе шешуге тырысамыз, —  деді “Amanat» партиясы Шымкент қалалық филиалы жанындағы  аймақтық кеңес төрайымы Баян Жандосова.

Шымкентте жыл басынан бері мүгедектігі бар мыңға жуық азамат тұрақты жұмыспен қамтылған. Бұған «AMANAT» партиясының «Кедергісіз келешек» жобасы үлкен сеп болып отыр. Жобаны партияның Шымкент қаласындағы филиалы мен Шымкент қалалық Жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасы, Еңбек мобильділігі орталығы бірлесе жүзеге асыруда.

Оқи отырыңыз

Соңғы жаңалықтар