ШЫМКЕНТ: ШИПАЖАЙҒА ТЕГІН ЖОЛДАМА ОНЛАЙН БЕРІЛЕДІ

Шымкент қаласында еңбек ардагерлерін сауықтыру ем-домымен қамтамасыз ету мақсатында қалалық мәслихаттың шешімімен шипажайларға тегін жолдамалар қарастырылған. Жолдама зейнеткерлерге кезек тәртібімен беріледі. Ол үшін алдымен geo-shym.kz сайтына кезекке тіркеліп, кезектегі орнын қадағалауға болады.

Ардагерлер шипажайға жолдама алу  үшін geo-shym.kz  порталынан ЭЦҚ көмегімен өтінім беріп, жүйеде тіркелуі қажет. Сөйтіп өз кезегін онлайн режимінде бақылай алады. Қазіргі таңда аталған сайтта шипажай кезегіне 26 мыңнан астам зейнеткер тіркелген. Ал жылдық лимит – 7 500 жолдама. Сондықтан әр зейнеткер шамамен 2,5–3 жылда бір рет сауықтыру қызметін тегін пайдалана алады.
Биыл зейнеткерлерге Шымкент қаласындағы «Денсаулық» шипажайы, Түркістан облысы Сайрам ауданындағы «Ақсу демі», Жетісайдағы «Күлпаршын», Жамбыл облысындағы «Айша-Бибі» шипажайы және Шымкенттегі мемлекеттік «Ізетті зейнеткер» сауықтыру кешеніне жолдама беріліп жатыр.

Жыл басынан бері «Ізетті зейнеткер» орталығынан  836 зейнеткер сауықтыру емін алған. Оның ішінде 558 адам жаңа ғимаратта, яғни 11 наурыздан бері қызметке жүгінген.
«Ізетті зейнеткер» кешені Бозарық шағынауданындағы жаңа ғимаратқа көшкелі бері қызмет ауқымы кеңейіп, бір мезетте қабылдайтын адам саны артқан. Бұрынғы ғимарат 70 орынға лайықталған болса, қазіргі жаңа кешен 120 зейнеткерді бір уақытта қабылдай алады.
Мамандардың айтуынша, мұндай шаралар жолдама алу процесінде ашықтықты қамтамасыз етеді, сондай-ақ зейнеткерлерге артық кезектен аулақ болуға көмектеседі.

Естеріңізге сала кетейік, бұған дейін кезекке тұру үшін қала тұрғындары қалалық жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасына жүгінуге мәжбүр болған. Енді бұл қажет емес. Процесс автоматтандырылған және пилоттық режимде іске қосылған. Денсаулық жағдайы мен мәртебесіне қарамастан, барлық зейнеткерл кезек күту тәртібімен санаторий-курорттық емделуге жолдама ала алады. Жолдаманы әкімдік толығымен төлейді.

Ардагерлер үшін  онлайн кезекке қоюды түсіну қиын болса, Бәйтереков көшеші, 89 ғимарат мекенжайы бойынша жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасына келуге болады. Өзімен бірге жеке басын куәландыратын құжаттар және электрондық цифрлық қолтаңбасын ала келуі қажет.

Айтпақшы, мүгедектігі бар зейнеткерлер үшін де жеке кезек бар.

“Егер мүгедектік болса, онда ХҚКО арқылы өтініш беру керек. Егер ВТЭК адамға санаторий-курорттық емдеу қажет деп шешсе, бұл басқа кезек”, – деп хабарлады жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасының баспасөз қызметі.

Бүгінгі таңда Шымкентте  42 479 мүгедектігі бар азамат тіркелген. Оның ішінде, 8 275 адам 18 жасқа дейінгі мүгедек балалар. Шипажайлық-курорттық ем қабылдау үшін 14 067 өтініш түсіп, 7 459 азамат жолдамамен қамтамасыз етілді (53,1 пайыз).

Оқи отырыңыз

Соңғы жаңалықтар