«Қуатты өңірлер – ел дамуының драйвері» ұлттық жобасын іске асыру аясында еліміздің еңбек күші артық өңірлерінен еңбек күші тапшы өңірлеріне Шымкент қаласының Еңбекші ауданынан жыл басынан бері 50-ге жуық адам өз еркімен қоныс аударуға ниет білдірген.
Шымкент қаласы Еңбекші аудандық Мансап орталығының өңіраралық жұмыспен қамту бөлімінің басшысы Жомарт Тәженовтың айтуынша, 2024 жылы Шымкент қаласы бойынша 1500 азаматты, оның ішінде Еңбекші ауданы бойынша 300 азаматты көшіру жоспарланған.
– Қазіргі таңда 6 отбасыдан 15 адам Павлодар облысына қоныс аударды. Комиссия шешім қабылдаған. Көктемде ерікті қоныс аударушыларды қабылдау өңірлерінде болған су тасқынына байланысты көшуге ниетті азаматтардың біразы шешімдерін өзгерткен. Мәселен, Солтүстік Қазақстан облысына қоныс аударуға ниет білдірген 4 отбасы (12 адам) шешімдерін өзгертіп, көшпей қалды, – дейді Жомарт Әшірбекұлы.
Жомарт Тәженовтың айтуынша, Петропавл қаласына қоныс аударған 1 отбасы (4 адам) мемлекеттік көмектен өз еркімен бас тартқан. Ал, екі отбасы мүшелері өз қаражаттары есебінен қабылдау өңірлеріне барып, сол жақтың тыныс-тіршілігімен танысып келген.
– Ерікті түрде қоныс аударуға ниетті азматтарға Мансап орталықтары жолдама бермейді. Біз халыққа бағдарлама туралы жан-жақты ақпарат беріп, түсіндіру жұмыстарын жүргіземіз. Қазір қабылдау өңірлеріне хабарласып, өзімізге тиесілі аумақтан көшіп барған отбасылар мен азаматтардың тізімін жинақтап жатырмыз. Бізге өтініш берген азаматтардың өтініштері, куәліктері бойынша салыстырамыз. Қазір жоспарды 50 пайызға орындап қойдық. Қазақстан Республикасының азаматтары, қандастар және олардың отбасы мүшелері жаңа тұрғылықты жерге ерікті түрде қоныс аудару бойынша «Қуатты өңірлер – ел дамуының драйвері» ұлттық жобасына қатысушылар болып табылады, – дейді Еңбекші аудандық Мансап орталығының маманы.
Айта кетейік, жұмыс күші артық өңірлер – шығу өңірлері, еңбек күші тапшы өңірлер қабылдау өңірлері болып табылады.
Шығу өңірлері: Алматы, Қызылорда, Жамбыл, Маңғыстау, Жетісу, Түркістан облыстары және Алматы, Астана Шымкент қалалары.
Қабылдау өңірлері: Павлодар, Қостанай, Шығыс Қазақстан, Солтүстік Қазақстан, Қарағанды, Ұлытау, Абай облыстары. Сонымен қатар, Ақмола облысы тек қандастарды қабылдайды.
Жомарт Тәженовтың айтуынша, бағдарламаға кемінде бір жыл жұмыс күші артық өңірлердің бірінде (Алматы, Жамбыл, Қызылорда, Түркістан, Маңғыстау облыстары, Шымкент, Алматы, Астана) тұрып, онда ресми тіркеуі бар азаматтар қатыса алады.
– Қоныс аударушыларға көшуге субсидия, тұрғын үйді жалға алуға және коммуналдық қызметтерге ақы төлеуге ай сайынғы субсидия, қысқа мерзімді кәсіптік оқытуға жолдама беру секілді мемлекеттік қолдау шаралары қарастырылған. Мәселен, көшуге және осыған байланысты өтеу шығындары отбасының әрбір мүшесіне 70 айлық есептік көрсеткіш, яғни 2024 жылы 258 440 теңге мөлшерінде бір рет беріледі.
Сонымен қатар, тұрғын үйді жалдау және коммуналдық қызметтер ақысы бір жыл бойы бағдарлама қатысушысының карт-шотына аударылып тұрады. Егер бір адам болса, онда 20 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде, яғни биыл 73 840 теңгеден төленеді. Отбасы мүшелерінің саны екіден төртке дейін болса, 25 еселенген айлық есептік көрсеткіш – 92 300 теңге, отбасында бес және одан көп мүшелері болса, 30 АЕК – 110 760 теңгеден аударылады. Бұл – қалалық жерлерге көшкендер үшін белгіленген көмек, – деп түсіндірді Жомарт Әшірбекұлы.
Ал, ауылдық жерлерге қоныс аударушылар үшін белгіленген көмек бұдан төмендеу. Бір адамға – 15 айлық есептік көрсеткіш (55 380 теңге), отбасы мүшелерінің саны екіден төртке дейін болса, 18 еселенген айлық есептік көрсеткіш – 66 456 теңге, отбасында бес және одан көп мүшелері болса, 21 АЕК – 110 760 теңгеден аударылады.
Маманның түсіндіруінше, қандастар мен қоныстанушылардың қоныстанған мекендерінен тұрғын үйді экономикалық ұтқырлық сертификаты арқылы сатып алуға мүмкіндіктері бар. Сертификат тұрғын үй сатып алу кезінде жылжымайтын мүліктің құнын бағалай отырып, алдын-ала сатып алу-сату шартын ұсынған кезде беріледі. Осы сертификат бойынша отбасына тұрғын үй құнының 50 пайызы мөлшерінде – 1160 АЕК (4 282 720 теңге) беріледі.
NARKESKEN.KZ