Шымкент қаласында 2024 жылы 7 453 адамды субсидияланатын жұмыс орындарына жолдау жоспарланған. 1 қарашадағы жағдай бойынша, субсидияланатын жұмыс орындарына жалпы 6 898 азамат жолданған. Оның ішінде 3 224 адам жұмысын аяқтаған. Қазіргі таңда 621 азамат тұрақты жұмысқа орналасып, 17,5% құрап отыр.
Субсидияланатын жұмыс орындары дегеніміз – бұл жұмыспен қамтылғандардың жалақысын мемлекет ішінара немесе толық төлейтін еңбек түрлері.
Мұндай жұмыс орындарын белгілі бір талаптарға сәйкес келетін кез келген жұмыс беруші өз кәсіпорнында ұйымдастыра алады. Ол үшін Электронды еңбек биржасы (Еnbek.kz) арқылы қажетті орындарға өтініш беру жеткілікті.
Субсидияланатын жұмыс орындарына халықты жұмыспен қамту орталығында тіркелген барлық жұмыссыздардың орналасу мүмкіндігі бар. Жұмыс орындарын субсидиялау жұмыссыздар санатына байланысты бірнеше бағыт бойынша жүргізіледі. Бұл қоғамдық жұмыстар, әлеуметтік жұмыс орындары, жастар практикасы, “Алғашқы жұмыс орны”, “Ұрпақтар келісімшарты” және “Күміс жас” жобалары. Тиісті бағыттардың әрқайсысына тоқталып өтсек.
ҚОҒАМДЫҚ ЖҰМЫСТАР
Жұмыссыздарды уақытша жұмыспен қамтамасыз ету үшін еңбек мобильділігі орталығымен жасалған келісім-шарт бойынша ұйымдастырылатын қоғамдық пайдалы еңбек. Мысалы, абаттандырушы, шабарман, құжат жүргізуші, т.б.
Ұзақтығы: 12 айдан аспайды
Жалақысы: кемінде 24 АЕК-ті еңбек мобильділігі орталығы толық жабады
Әлеуметтік жұмыс орындары
Жұмыс беруші еңбек мобильділігі орталығымен келісім негізінде құратын уақытша жұмыс орны.
Жұмыссыздарға қойылатын талаптар: жұмыс беруші белгілейді
Ұзақтығы: 12 айдан аспайды
Жалақысы: жұмыс беруші белгілейді, ішінара еңбек мобильділігі орталығымен жабылады, бірақ 24 АЕК – тен аспайды (жалақының 35% – ы мемлекеттен, 65% – ы жұмыс берушіден)
ЖАСТАР ПРАКТИКАСЫ
Кәсіп (мамандық) бойынша бастапқы тәжірибе алу мақсатында жастарға арналған жұмыс. Еңбек мобильділігі орталықтарымен шарттар негізінде ұйымдастырылады.
Жұмыссыздарға қойылатын талаптар: оқуды соңғы 5 жыл аралығында бітірген және алған мамандығы бойынша жұмыс тәжірибесі жоқ колледждер мен жоғары оқу орындарының түлектері
Ұзақтығы: 12 айдан аспайды
Жалақысы: кемінде 30 АЕК-ті еңбек мобильділігі орталығы толық жабады
АЛҒАШҚЫ ЖҰМЫС ОРНЫ
35 жастан аспаған жастар үшін олардың өміріндегі алғашқы жұмыс орнында кәсіби білім мен дағдыларды беру үшін жұмыс. Еңбек мобильділігі орталықтарымен шарттар негізінде ұйымдастырылады. 18 ай өткеннен кейін жұмыс беруші жұмыссызға кемінде 12 ай мерзімге тұрақты жұмыс орнын ұсынады.
Жұмыссыздарға қойылатын талаптар: 35 жастан аспаған, кәсіби білімі және жұмыс тәжірибесі жоқ жастар
Ұзақтығы: 18 айдан артық емес
Жалақысы: кемінде 30 АЕК-ті 18 ай ішінде еңбек мобильділігі орталығы жабады, ал кейінгі 12 айда оның мөлшерін жұмыс беруші айқындайды
ҰРПАҚТАР КЕЛІСІМШАРТЫ
Тәжірибе мен дағдыларды зейнетке дейінгі жастағы жұмыс істейтін қызметкерлерден беру үшін құрылған жұмыс орны. Еңбек мобильділігі орталықтарымен шарттар негізінде ұйымдастырылады.6 ай өткеннен кейін жұмыс беруші жұмыссызға тұрақты жұмыс орнын ұсынады немесе жұмыссыз зейнеткерлік жасқа жеткен қызметкерді ауыстырады.
Жұмыссыздарға қойылатын талаптар: 35 жастан аспаған, оқуды 3 жыл ішінде аяқтаған оқу орындарының түлектері
Ұзақтығы: 6 айдан аспайды
Жалақысы: 6 ай ішінде кемінде 30 АЕК еңбек мобильділігі орталығымен жабылады, ал кейіннен оны жұмыс беруші айқындайды
КҮМІС ЖАС
Жұмыс беруші мен еңбек мобильділігі орталығы арасындағы келісім шарт негізінде құрылған 50 жастан асқан адамдарға арналған жұмыс орны. 36 ай өткен соң жұмыс беруші зейнеткерлікке шыққанға дейін, сондай-ақ кемінде 1 жыл мерзімге зейнеткерлік жасқа толмаған адамдар үшін тұрақты жұмыс ұсынады
Жұмыссыздарға қойылатын талаптар: 50 жастан асқан адамдар үшін (зейнеткерлік жасқа дейін)
Ұзақтығы: 36 айдан аспайды
Жалақысы: жалақыны жұмыс беруші белгілейді және төлейді, бұл ретте 30 АЕК-тен аспайтындай мемлекет алғашқы 12 айда – жалақының 70%-ын; 13 айдан 24 айға дейін – жалақының 65% -ын; 25 айдан 36 айға дейін – жалақының 60%-ын төлейді.
Шымкентте субсидияланатын жұмыс орындарын ұйымдастыруға қатысатын кәсіпорындар құрамында жеке сектордың үлесін ұлғайтуға басымдық берілген. 2024 жылдың 10 айының қорытындысы бойынша, субсидияланатын жұмыс орындарына 7 469 жұмыс беруші (оның ішінде 7 102 жеке кәсіпорын) қатысып, жеке сектордың үлесі 95%-ды құрайды.