19 маусым – Шымкентке республикалық маӊызы бар қала мәртебесін беру туралы тарихи шешім қабылданған күн.. Бұл күн — Шымкент қаласыныӊ жаӊа тарихи кезеӊге аяқ басқан, үшінші мегаполистіӊ туған күні. Биыл Қала күні Шымкентте ерекше атап өтілмек. Өңірлік коммуникациялар қызметінің ақпарат алаңында өткен брифинг барысында Шымкент қаласы әкімдігінің ресми өкілі, қала әкімінің орынбасары Сәрсен Абайұлы Құранбек Қала күні 10 күн тойланатынын атап өтті.
Онкүндік 14 маусымда ағаш өнеріне арналған «SHYMKENT USTA FEST» халықаралық фестивалінен бастау алады. «Арбат» алаңында бастау алатын фестиваль еңбек адамының бейнесін мүсін өнері арқылы дәріптеуге бағытталған. Бұл бастама биылғы жұмысшы мамандықтар жылы аясындағы маңызды жобалардың бірі саналады.
Фестивальге Өзбекстан, Қырғызстан, Моңғолия, Ресей, Башқұртстан және Шешенстаннан келген ағаш шеберлері қатысады. Бес күн бойы өткізілетін іс-шара барысында қала тұрғындары мен қонақтары шеберлердің жұмыс барысын тікелей тамашалай алады.
Жоба аясында шеберлік сабақтары, мәдени алмасу және қолөнерге қызығушылығы бар жастармен кездесулер ұйымдастырылады. Фестиваль 20 маусым күні эстрада жұлдыздарының қатысуымен өтетін гала-концертпен аяқталады.
«Бұл іс-шара «Еңбек адамы» мен «Жұмысшы мамандықтар жылына» үндесіп, мәдени байланыстарды нығайту, тәжірибе алмасу мақсатын көздейді. Фестиваль аясында жасалған туындылар қалаға тарту етіледі. Ал 20 маусым күні Арбат алаңында өтетін гала-концертпен фестиваль салтанатты түрде аяқталады. Бұл Шымкентте алғаш рет ұйымдастырылып отырған маңызды мәдени шара. Алдағы уақытта бұл бастама жалғасын тауып, тастан, граниттен жасалатын мүсіндер арқылы қаланың сәулеттік келбетін көркейту жоспарланып отыр» деп атап өтті Сәрсен Құранбек.
Ал, 15-18 маусым күндері Наурыз алаңында «Оркестрлер шеруі» өтеді. Бұл – еліміздің түкпір-түкпірінен келетін әртүрлі музыкалық ұжымдардың қатысуымен өтетін ауқымды іс-шара. Қазақ ұлттық аспаптар оркестрлері, симфониялық, камералық, эстрадалық, үрмелі және джаз оркестрлері өнер көрсетеді. Бұл қала қонақтары мен тұрғындары үшін үлкен мәдени мереке сыйлайды.
«Бұл бастама бұрын тек Алматы мен Астанада жүзеге асырылған еді. Енді, алғаш рет, мұндай жоғары деңгейдегі іс-шаралар Шымкентте өтеді. Біз әдейі әртүрлі жанрдағы оркестрді біріктіріп отырмыз. Біреу классиканы, енді біреу қазақтың ұлттық аспаптарын, жазғы әуендерді ұнатады. Әркім өзіне қызық дүниені табуы үшін көп жанрлы бағдарлама әзірленді» деді ол.
Айта кетейік, фестиваль 18 маусымда оркестрлар арасындағы «айтыспен» қорытындыланады.
Сонымен қатар, 18 маусым күні Пушкин атындағы қалалық кітапханада «Шымкент – қызғалдақтар қаласы» атты халықаралық суретшілер симпозиум ұйымдастырылады. Бұған Қырғыз Республикасы, Өзбекстан, Ресей, Түркия және еліміздің әр өңірінен белгілі қылқалам шеберлері қатыспақ. Шеберлер симфония аясында шаһардың көркем бейнесін өз қолтаңбасымен бейнелеп, 45 картина қалалық музей қорына табысталады.
19 маусым Қала күніне орай «Қызғалдақ» сарайында салтанатты жиын өтеді. Осы жиында Шымкенттің дамуына үлес қосқан азаматтарға «Құрметті азамат» атағы табысталады. Ал кешке 17:00-ден 23:00-ге дейін «Астана» алаңында еліміздің 80-ге жуық эстрада жұлдыздарының қатысуымен «Той-думан» мерекелік концерті өтеді.
Аталған шара бойынша бұған дейін әлеуметтік желіде бірқатар ақпараттар тараған болатын. Әнші Мөлдір Әуелбекова өз парақшасында концертке қатысуға шақырғанмен, еңбекақы төленбейтінін айтып, қарсылық білдірді. Ол: «Көрермен әншіге келеді. Неге әншінің еңбекақысын төлемейсіздер?!» – деп жазған. Дегенмен, қала әкімдігі концертті қауіпсіз әрі сапалы өткізу және бойынша техникалық жабдықтау мәселесіне ғана жуапты, ал қалған ұйымдастыру шаралары мен өнерпаздардың гонорары сынды тұстары «Той думан» телерадиокорпорациясының құзырында.-деді С.Құранбек.
Бұдан бөлек, 21 маусымда «Түркістан» сарайында Қала күніне арналған «Шырайлы, шежірелі, құтты мекен» атты республикалық ақындар айтысы өтеді. Бұған еліміздің сегіз өңірінен 12 ақын қатысып, бас жүлде ретінде автокөлік ойнатылады. Айтысқа кіру билетінің құны барлық орын үшін 1000 теңге. Бұл қаражат толығымен қайырымдылық мақсатқа жұмсалмақ.
22-23 маусым күндері сағат 10.00-де кино саласының жас мамандарының шығармашылығына жағдай жасау, қаламыздағы кино және анимация саласы бойынша жаңа бағыттар мен тенденцияларды қалыптастыру, Шымкент қаласының рухани өміріне серпіліс беру мақсатында тұңғыш рет «SAMGAU» республикалық қысқаметражды фильмдер фестивалін өткізу жоспарлануда. Фестиваль барысында Қазақстанның барлық өңірлерінен 18-35 жас аралығындағы кәсіби және әуесқой киногерлер мен аниматорлар «Шымкент – сүйікті қалам!», «Мен және Әлем», «Ұлттық құндылық – тәрбие негізі», «Жұмысшы мамандықтардың рөлі», «Экология», «Тіліміздің тағдыры – біздің қолымызда» тақырыптарында түсірілген фильмдермен қатыса алады.
Фестиваль Жастар ресурстық орталығында ашылып, «Hyper house» сауда орталығындағы кинотеатрда жүлделерді ресми табыстаумен жабылады.