Республика күні мерекесі аясында Шымкент қаласында көне ұлттық спорт түрлерінің бірі – асық ату бойынша еліміздегі ең ірі жарыс – екінші республикалық «Respublica Asyq Atu» турнирінің финалы жоғары деңгейде өтті.
Биылғы турнирге республиканың барлық өңірінен келген 40 үздік спортшы қатысып, бақтарын сынады. Ұлттық ойынға арналған бұл дода спортшылар мен көрермендерді, сондай-ақ құрметті қонақтарды біріктіріп, нағыз ұлттық рухтың мерекесіне айналды.
Финалдық ойындар, концерттік бағдарлама және ұлттық спорт шеберлік сабақтары қала тұрғындары мен қонақтардың қызығушылығын тудырды. Турнир ашылуында Парламент Мәжілісінің депутаты, Асық ату федерациясының президенті Олжас Құспеков ұлттық спорттың маңыздылығын атап өтті.
«Бүгін асық ойыны арқылы біз өз түп-тамырымызға, халқымыздың рухани коды мен дәстүріне қайта оралып отырмыз. Асық ату – барлық ұлттық спорт түрлерінің бастауы. Оның тарихы ғасырлар қойнауынан бастау алады және халқымыздың тұрмысымен тығыз байланысты. Бүгінгі турнир ұлттық спорттың халықтық құндылық екенін дәлелдеп отыр. Біз асық атуды тек дәстүр ретінде емес, қоғамды біріктіретін заманауи мәдени құбылыс ретінде дамытуымыз қажет. Өйткені ұлттық спорт – жай ғана тренд емес, ол ұлттың болмысы, рухы мен патриотизмі», – деді Олжас Құспеков.
Қызу тартысқа толы финалда Ақтөбе облысының спортшысы Құлыбек Ғарышбек жеңімпаз атанды, оған автокөлік табысталды. Екінші орын иегері Әбілхан Талғар (Түркістан облысы) 1 млн теңге, үшінші орын иегері Сламқұл Бақдәулет (Батыс Қазақстан облысы) 500 мың теңге алды. AMANAT партиясының 300 мың теңгелік сыйлығын Павлодар облысының спортшысы Жаздықбай Керім иеленді.
Жартылай финалдар мен шешуші ойындар асық ату шеберлерінің жоғары деңгейін және жастар арасындағы қызығушылықтың артуын айқын көрсетті. Турнирдің Шымкентте өтуі кездейсоқ емес: былтырғы республикалық турнирде олар бас жүлдені жеңіп алды. Сол себепті 2025 жылы Шымкент турнир астанасы болды.
Шымкентте өткен «Respublica Asyq Atu» турнирі асық ату спортының дамуына елеулі үлес қосты. Бұл шара өңірдің ұлттық спортқа қосқан үлесін айқындап, көне ойынды жаңа серпінмен дамытып, оны заманауи бұқаралық қозғалысқа айналдыруға септігін тигізді. Турнир ұлттық спорттың ұрпақтар мен өңірлерді біріктіріп, мәдени мұраны сақтаудағы маңызды рөлін дәлелдеді.
