26/11/2024

ШЫМКЕНТТЕ МЫҢҒА ЖУЫҚ МҮГЕДЕКТІГІ БАР АЗАМАТ ЖҰМЫСПЕН ҚАМТУДЫҢ БЕЛСЕНДІ ШАРАЛАРЫНА ҚАТЫСҚАН

Жыл басынан бері «TEN QOGAM» әлеуметтік қолдау орталығына 2 155 мүгедектігі бар адам жүгініп, оның 951-і жұмыспен қамтудың түрлі шараларымен қамтылған. Соның ішінде 344-і – жастар. Бұл туралы «TEN QOGAM» әлеуметтік қолдау орталығының бөлім басшысы Гүлзат Дәрібаева мәлім етті, – деп хабарлайды Narkesken ақпараттық агенттігі.

«Биылғы 9 айдың қорытындысы бойынша 9 мүгедек азамат әлеуметтік жұмыс орындарына, 37-сі – «Жастар практикасы» бағдарламасымен, 133-і қоғамдық жұмыс орындарына, 26-сы – «Алғашқы жұмыс орны» бағдарламасымен жұмысқа жолданды. Сонымен қатар, 34 адам «Күміс жас» жобасына тартылды. Ал 262 адам «Бастау Бизнес» жобасымен қашықтан оқытылды. Қайтарымсыз грант 69 адамға берілсе, 364 мүмкіндігі шектеулі азамат тұрақты бос жұмыс орындарына жолданды. Жыл басында мүгедектігі бар 200 азаматты 54 мекемеге жұмысқа орналастыру жоспарланған еді. Қазір соның 69 пайызы іске асты. Яғни, 138 азамат жұмыспен қамтылды», дейді Г.Дәрібаева.

Жуырда ғана 38 жастағы III топ мүгедегі Эльмира Байбағысова «TEN QOGAM» әлеуметтік қолдау орталығының көмегімен жұмысқа орналасты. Қазір ол Шымкент қаласындағы №148 жалпы орта мектебінде хатшы болып жұмыс істейді.

«Мен осыған дейін №19 мектепте алты жыл бойы хатшы болып жұмыс істедім. Денсаулығыма байланысты жұмыстан қол үзуге мәжбүр болдым. Маған 2009 жылы II топ мүгедектігі берілген еді. Сол кезде дәрігерлер жұмыс істеуге рұқсат бермеді. Былтыр қайта тексеруден өткен соң III топ мүгедектігі беріліп, дәрігерлер тарапынан «жұмысқа жарамды» деген қорытынды жасалды. Таныстарымнан «TEN QOGAM» әлеуметтік қолдау орталығы жайлы білген соң арнайы келдім. Бағыма қарай жұмысқа орналастым. Қолыма 138 мың теңге айлық алатын болдым», — дейді Э.Байбағысова.

Жыл басынан бері Шымкент қаласы әкімдігі мен Еңбек мобильділігі орталығының ұйымдастырумен «TEN QOGAM» әлеуметтік қолдау орталығында мүгедек азаматтар үшін 4 рет бос жұмыс орындарының жәрмеңесі өтті. Онда білім, медицина, сауда, қаржы және кәсіпорындар мен еңбек нарығында сұранысқа ие басқа да салалар бойынша жұмыстар қарастырылды.

Атап айтқанда, 29 ақпанда Мансап орталықтарымен бірлесе өткен алғашқы жәрмеңкеде 22 жұмыс беруші 1500-ге жуық бос жұмыс орнын ұсынды. Ал 25 шілдеде өткен «Жастарға жұмыс» жобасы аясында республикалық бос жұмыс орындар жәрмеңкесі өтті. Іс-шарада қала аумағындағы 150-ге жуық мемлекеттік және жекеменшік мекемелерден 5 мыңнан астам бос жұмыс орны ұсынылды. Үшіншісі 15 тамызда өтіп, оны «AMANAT» партиясының Шымкент қалалық филиалы мен Еңбек мобильділігі орталығы ұйымдастырды. Онда 15 мекемеден 500-ге жуық тұрақты бос жұмыс орны және субсидияланатын жұмыс орындары бойынша 701 мекемеде 1079 орын болды. Соңғысы 27 тамыз күні Арбат алаңында өтіп, 20 жұмыс беруші 300-ге жуық жұмыс орындарын ұсынды.

Айта кетейік, қазір Шымкент қаласында 270 мүмкіндігі шектеулі азамат жұмыссыз ретінде тіркеуде тұр.

Оқи отырыңыз

Соңғы жаңалықтар