«Достық» үйінде Шымкент қаласының кәрістер қауымдастығына 35 жыл толуына орай мерекелік шара өтті. Іс-шара Шымкент қаласындағы корейлер туралы мұрағаттық құжаттар мен фотосуреттер көрмесінен басталып, «Шымкент және Түркістан өлкесінің корейлері бұрынғы және қазіргі уақытта» кітабының тұсаукесері және кәріс шығармашылық ұжымының концертімен жалғасын тапты.
Іс-шараға Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігі Қазақстан халқы Ассамблеясы хатшылығы меңгерушісінің орынбасары Ғалымжан Жайықбайұлы Махан, Қазақстан халқы Ассамблеясы төрағасының орынбасары, Қазақстан кәрістері қауымдастығының төрағасы Юрий Германович Шин және Корея Республикасының Қазақстан Республикасындағы Елшілігі, қала тұрғындары, жалпы 800 адам қатысты.
«Достық үйінің» 1-қабатында корейлердің Қазақстанға қоныс аударуынан сыр тартатын тарихи фотосуреттер мен мұрағаттық құжаттардан жасақталған көрме жиналған көпшіліктің назарына ұсынылды.
Корейлер қауымдастығын мерейлі мерекемен құттықтаған Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігі Қазақстан халқы Ассамблеясы хатшылығы меңгерушісінің орынбасары Қазақстандық корейлердің еліміздің өсіп-өркендеуіне үлес қосып, тұғырлы татулық жолын жалғап жүргенін тілге тиек етті.
– Осыдан 35 жыл бұрын республикада алғашқылардың бірі болып Шымкентте корей этномәдени орталығы өз жұмысын бастаған болатын.
Үш онжылдықта орталық белді қауымдастыққа айналып, бүгінде еліміздегі түрлі байыпты бастамаларға үнемі қолдау көрсетіп, қазақстандық патриотизмді дамыту, ел бірлігін бекемдеу, қоғамдық келісімді сақтау бағытындағы сындарлы саясаттың іске асуына сүбелі үлес қосып келеді, – деді Ғ.Махан.
Мерекелік іс-шара кезінде Шымкент қалалық корейлер қауымдастығының бірқатар белсенді мүшелеріне Шымкент қаласы әкімінің Алғыс хаты табыстады.
35 жылдық қарсаңында арнайы дайындалған кітаптың тұсауы кесілді. Қалалық корейлер қауымдастығының төрағасы Ю.Панның айтуынша, Шымкенттегі корейлер қауымдастығының бастамасымен әзірленген кітапта Қазақстандық корейлердің тарихы мен олардың осында өсіп-өркендеуіне ерекше назар аударылған.
Айта кетейік, бүгінде еліміздің үшінші мегаполисі Шымкент қаласында 7 мыңнан астам корейлер тұрады. Қалалық ҚХА жанында әрекет ететін корей этномәдени бірлестігі корей этносының тілі мен мәдениетін, салт-дәстүрін дәріптеу және жас буынды Қазақстандық патриотизм рухында тәрбиелеу ісіне атсалысып, үнемі ел игілігіне бағытталған игі бастамаларға сүбелі үлес қосып келеді.