SMART SHYMKENT: ШЫМКЕНТТІКТЕРДІҢ ӨМІР САПАСЫН АРТТЫРУДЫҢ ТИІМДІ ЖОЛЫ

Шымкент қаласы әкімінің орынбасары Айдын Кәрімовтің төрағалығымен «Smart Shymkent» жобасы аясында пилоттық жобаларды іске қосу және қаланы цифрлық трансформациялау мәселелері бойынша маңызды жиын өтті. Жиынға «Қазақтелеком» АҚ өкілдері, аудан әкімдері және бірқатар салалық басқарма басшылары қатысты. Бұл туралы Шымкент қаласы Цифрландыру басқармасының Инстаграм әлеуметтік желісіндегі парақшасында хабарландған.

Шымкент соңғы жылдары Қазақстанның озық технологиялық орталықтарының біріне айнала отырып, цифрландыру саласында сенімді өсуді көрсетіп отыр. Мұның бәрі IT-инфрақұрылымды одан әрі дамытуды, байланыс сапасын жақсартуды, қалалық басқару, білім беру және бизнес салаларына озық технологияларды енгізуді білдіреді.

Шымкенттің цифрландыру деңгейі бүгінгі таңда 75%-ға жетті. Қала әкімінің орынбасары осы көрсеткішті  «Smart Shymkent» жобасы аясында ұлғайту мақсаты тұрғанын атап өтіп, жиынға қатысушылармен бірге қауіпсіздікті арттыру, дрондарды пайдалану, денсаулық сақтау және жол инфрақұрылымын жақсартуға бағытталған инновациялық шешімдердің орындалу барысын талқылады.

— Бүгінгі күні дрондар барлық дерлік өнеркәсіптік салаларда: құрылыс, геодезия және картография, ауыл шаруашылығы, сәулет, логистика, мұнай-газ және тау-кен өнеркәсібі және қауіпсіздік салаларында қолданылады. Мысалы, құрылыста дрондардың көмегімен жұмыс барысын жоспарлайды және талдайды, алаңдағы қауіпсіздікті бақылайды, құрылымдарды тіркейді және картаға түсіреді. Фермерлер дронның  көмегімен тыңайтқыштар мен өсімдіктерді қорғау құралдарын шашады, егістіктердің жай-күйін және егіннің өсуін бақылайды, өнімді түгендеумен айналысады және өнімділікті болжайды. Бұл құрылғылар шығындарды азайтып, уақытты үнемдейді және тиімділікті арттырады. Осы арқылы пайданы арттырады. Олар құтқару операциялары үшін де жиі пайдаланылады. Дрондардың қосымшалары әртүрлі, бірақ олардың ортақ тұстары бар — ақпаратты жылдам, қауіпсіз, арзан, объективті және бұрынғыға қарағанда сапалы түрде жинайды. Сондықтан күнделікті жұмысымызда осындай озық технологияларды енгізуге басымдық беруіміз керек, — деп атап өтті Айдын Мейрамбекұлы.

Айта кетейк, «Smart Shymkent» жобасы — қала тұрғындарының өмір сүру сапасын арттыруға және қалалық қызметтерді одан әрі тиімді етуге бағытталған маңызды бастама.

Кездесу қорытындысы бойынша Айдын Мейрамбекұлы жауапты тұлғаларға нақты тапсырмалар жүктеп, жобаларды уақытылы және сапалы іске асырудың маңыздылығын атап өтті.

Оқи отырыңыз

Соңғы жаңалықтар