Шымкентте бүгін Солтүстік Қазақстан облысынан арнайы келген делегация тұрғындармен кездесіп, ерікті қоныс аудару бағдарламасының артықшылықтары мен мүмкіндіктерін таныстырды. Топты Солтүстік Қазақстан облысының Еңбек мобильділігі орталығының басшысы Төрегелдин Аман Жаксыбайұлы бастап келді.
Аман Жаксыбайұлының айтуынша, бұл бағдарлама Қазақстанның еңбек ресурстарын тең бөлу, солтүстік өңірлердегі халық санын арттыру және жаңа жұмыс орындарын құру мақсатында жүзеге асырылуда.
Кездесу барысында делегат Солтүстік Қазақстан облысындағы тұрмыс жағдайлары, мемлекет тарапынан ұсынылатын жеңілдіктер мен қолдаулар туралы егжей-тегжейлі айтылды.
Жаңа тұрғылықты жерінде ерікті өңіраралық қоныс аударуды мемлекеттік қолдау мыналарды қамтиды:
1) көшуге материалдық көмек көрсету;
Бағдарламаға қатысушыларға және олардың отбасы мүшелеріне, сондай-ақ жалғызбасты адамдарға, отбасылық жағдайына қарамастан, көшуге материалдық көмек көрсетіледі — бір уақытта отбасының басшысы мен әрбір мүшесіне 70 АЕК-тен (258 440 теңге мөлшерінде төленеді.
2) тұрғын үйді жалдау (жалға алу) және коммуналдық қызметтерге ақы төлеу бойынша шығыстарды өтеу.
Бағдарламаға қатысушының отбасына, оның ішінде жалғызбасты отбасыларына тұрғын үйді жалдау (жалға алу) және коммуналдық қызметтерді төлеу бойынша шығыстарды өтеуге — ай сайын, он екі ай ішінде мынадай мөлшерде материалдық көмек көрсетіледі:
ауылдық жерлерге қоныс аударғандар үшін:
— бір адам үшін 15 АЕК (258 440 теңге) мөлшерінде;
— отбасы мүшелерінің саны екіден төртке дейін болған кезде 18 АЕК (66 456 теңге) мөлшерінде;
— отбасы мүшелерінің саны бес және одан көп болған кезде 21 АЕК (77 532 теңге) мөлшерінде.
3) Тұрғын үймен қамтамасыз ету: Жеке үй немесе пәтер алу үшін субсидиялар беріледі.
Экономикалық ұтқырлық сертификаттарын беру – тұрғын үй сатып алу, салу үшін ақшалай төлем немесе тұрғын үй сатып алу кезінде ипотекалық тұрғын үй қарыздары бойынша бастапқы жарна нысанындағы материалдық көмек. Экономикалық ұтқырлық сертификаты қандастар мен қоныс аударушыларға келу өңіріндегі тұрақты тұратын елді мекенде тұрғын үй сатып алу кезінде беріледі. Экономикалық ұтқырлық сертификаты отбасына тұрғын үй құнының 50% мөлшерінде, бірақ 4 млн. теңгеден аспайтын мөлшерде беріледі.
4) Жұмысқа орналасу: Еңбек мобильділігі орталығы әртүрлі саладағы бос жұмыс орындары туралы ақпарат ұсынылып, жұмысқа орналасуға көмектеседі.
5) Кәсіпкерлікті қолдау: Өз ісін ашқысы келетіндерге қаржылық қолдау көрсетіледі. Кәсіп бастауға 400 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде қайтарымсыз грант беріледі.
6) Білім беру: Балалары бар отбасыларға мектепке дейінгі мекемелер мен мектептерде орындар қарастырылған.
7) Жұмыссыз азаматтар қысқа мерзімді кәсіптік оқытуға жолданады, 6 айға дейін мемлекет тарапынан тегін оқытылады және студенттерге стипендия төленеді.
Жиын барысында Шымкент тұрғындары бағдарламаның шарттары мен ұсынылған мүмкіндіктерге үлкен қызығушылық танытты. Делегация ішінде 2016 жылы Солтүстік Қазақстан облысының Мағжан Жұмабаев ауданына ерікті қоныс аударған ұстаз Нұржамал Тамбетова да болды. Тұрғындармен кездесу барысында ол еліміздің солтүстік өңірі шымкенттіктердің бар әлеуетін ашатынын жеткізді.
– Мамандығым – еңбек пәнінің мұғалімі. 2016 жылы Мағжан Жұмабаев ауданына өз еркіммен қоныс аударып едім. Жұмысқа орналасуда еш қиындық болған жоқ. Шымкентте қарапайым мұғалім болсам, маған ол жақта директордың ғылыми жұмыстар жөніндегі орынбасары қызметін ұсынды. Кейіннен, аудандық білім бөлімінде қызмет атқардым. Қазір мектеп директоры қызметін атқарып отырмын. Жалпы, Солтүстік Қазақстан жұмыс істеуге ниетті азамттың барлығына керемет мүмкіндік, — деді Нұржамал Мәметқызы.
Бағдарламаға қатысу үшін Шымкент қаласының тұрғындары аудандық Мансап орталықтарына жүгініп, толық ақпарат ала алады.
Айта кетейік, солтүстік және шығыс өңірлерге ерікті қоныс аудару бағдарламасы «Қуатты өңірлер – ел дамуының драйвері» жобасы аясында жүзеге асырылуда.
Бұл бағдарламаның мақсаты — халықтың базалық қызметтерге тең қолжетімділігін қамтамасыз ету, тұрғын үй-коммуналдық жағдайларды жақсарту және тұрғын үй құрылысын дамыту, сондай-ақ көлік байланысын жақсарту есебінен азаматтардың жайлы өмір сүру ортасын құру және еліміздің көлік-транзиттік әлеуетін арттыру болып табылады.