26/11/2024

СОЛТҮСТІККЕ ҚОНЫС АУДАРУШЫ 1246 ОТБАСЫНА ЭКОНОМИКАЛЫҚ ҰТҚЫРЛЫҚ СЕРТИФИКАТТАРЫ БЕРІЛДІ

Қазақстанда «Қуатты өңірлер – ел дамуының драйвері»  ұлттық жобасы іске асырылуда. Оның аясында қазақстандықтарға халқы тығыз және жұмыс күші артық өңірлерден еңбек күші тапшы өңірлерге, яғни елдің оңтүстігінен солтүстігіне көшу ұсынылады. 

Шымкенттен 2023 жылы 160 отбасы Солтүстікке қарай көш түзесе,  2024 жылдың 9 айында  90-ға жуық отбасы тұрғылықты жерін ауыстыруға ниет білдірген. Жалпы, 2024 жылы Шымкент қаласынан  250 отбасын – 1500 адамды «Оңтүстіктен – Солтүстікке» бағдарамасы аясында көшіру жоспарланған.

2023 жылдан бастап ҚР 2023-2027 жылдарға арналған көші-қон саясатының тұжырымдамасын іске асыру шеңберінде жұмыс күші артық аумақтардан жұмыс күші тапшы өңірлерге ерікті түрде қоныс аударуды ынталандыру үшін экономикалық ұтқырлық сертификаттары енгізілді. Сертификаттар Үкімет белгілеген қоныстану аймақтарына тұрақты тұруға көшкен кандастар мен ішкі қоныс аударушыларға беріледі және тұрғын үй сатып алуда материалдық көмек көрсетуді көздейді. Бүгінгі таңда осы экономикалық ұтқырлық сертификаты 1246 отбасына берілді.

Сертификат бір рет өтеусіз және қайтарымсыз негізде тұрғын үй құнының 50% немесе бір отбасына 4,2 млн теңгеге дейін беріледі.

Материалдық көмек Ұлттық банк бекіткен ипотекалық бағдарлама және (немесе) Үкімет бекіткен мемлекеттік тұрғын үй құрылысы бағдарламасы шеңберінде тұрғын үй сатып алу, салу үшін немесе ипотекалық тұрғын үй қарыздары бойынша бастапқы жарнаның бір бөлігін жабу үшін жергілікті атқарушы органның ақшалай міндеттемесі нысанында ұсынылады.

Тұрғын үйді меншікке сатып алу үшін сертификат алдын-ала шарт немесе тұрғын үйді сатып алу-сату шарты болған кезде беріледі.

Тұрғын үй салу кезінде сертификат ҚР Жер және басқа да заңнамаларына сәйкес жеке тұрғын үйлер салу үшін меншігінде жер учаскелерінің болуын ескере отырып беріледі.

Сертификатты тұрғын үй сатып алу кезінде бастапқы жарнаның бір бөлігі ретінде пайдалану үшін екінші деңгейдегі банктен тұрғын үй қарызын беруді мақұлдау туралы хат ұсыну қажет. Бұл ретте экономикалық ұтқырлық сертификаты келу өңіріндегі тұрақты тұратын елді мекенде ғана тұрғын үй сатып алу үшін беріледі.

Естеріңізге сала кетейік, қоныс аударушыларға экономикалық ұтқырлық сертификатынан басқа мемлекеттік қолдаудың мынадай шаралары ұсынылады:

1)      Көшуге арналған субсидия – бір уақытта отағасына және отбасының әрбір мүшесіне 70 АЕК мөлшерінде (258 440 теңге);

2)      Тұрғын үй жалдауға және коммуналдық қызметтерге ақы төлеуге арналған субсидия – ай сайын, 12 ай ішінде отбасы мүшелерінің санына және елді мекенге байланысты 15-тен 30 АЕК-ке дейінгі мөлшерде (55 380 теңгеден 110 760 теңгеге дейін);

3)      Қысқа мерзімді кәсіптік оқытуға жолдама;

4)      Жұмысқа орналасуға немесе кәсіпкерлік бастаманы дамытуға жәрдемдесу;

5)      Өңіраралық қоныс аударуға жәрдем көрсететін жұмыс берушіге кемінде 2 жыл мерзіммен тұрақты жұмысқа орналасу және тұрғын үймен қамтамасыз ету шартымен әрбір қабылданған жұмыскер үшін 400 АЕК мөлшерінде жұмысқа орналасуға біржолғы субсидия беріледі (1 476 800 теңге).

Оқи отырыңыз

Соңғы жаңалықтар