Бүгінде қоғамның даму бағыты мен саяси санасы түбегейлі жаңа арнаға бұрылып, азаматтардың мемлекеттік шешімдер қабылдауға белсене қатысуы басты үрдіске айналды. Осы орайда, Түркістан облысы Созақ ауданының Шолаққорған ауылындағы «Мыңжылқы» мәдениет үйінде өткен ауқымды жиын өңірдің саяси өміріндегі маңызды оқиғалардың біріне айналды. Жаңа Конституцияның бұлжымас қағидаттарын өз қызметінің өзегіне айналдырған «Әділет» партиясы облыстық филиалының сайлауалды штабы тұрғындармен бетпе-бет жүздесіп, ел болашағын бағамдайтын маңызды диалог алаңын құрды.
Жаңа тарихтың бастауы болған Ата заңдағы құндылықтарды нақты өмірде жүзеге асыруды көздеген бұл басқосуға бес жүзге жуық аудан тұрғыны қатысты. Еркін форматта өткен кездесуге Құрылтай депутаттығына кандидаттар Нұрлан Толыбаев, Нұрсадық Ергешбек, Динара Егамбердиева, Түркістан облыстық мәслихатының төрағасы Нұралы Әбішов және штаб мүшелері қатысып, сайлаушылардың көкейіндегі көкейкесті сауалдарға жауап берді. Жиынды жүргізген облыстық партия филиалы төрағасының орынбасары Полат Тұрсынбаев «Әділет» партиясының «Әділетті болашақ үшін» сайлауалды бағдарламасының негізгі темірқазығы халық пен билік арасындағы тығыз байланыс екенін атап өтті.
Бүгінгі қоғам әдемі сөзден гөрі нақты нәтижеге сенеді. Міне, осы қағидатты ұстанған партия өкілдері халық алдына дайын ұранмен емес, ашық ұстаныммен келгенін аңғартты. Құрылтай депутаттығына кандидат Нұрлан Толыбаев әрбір кездесуді есеп беру үшін емес, ортақ шешім іздейтін мүмкіндік ретінде қарастыратынын жеткізді. «Заңның үстемдігі, әділ экономика пен қуатты өңірлер туралы айтқанда, біз оны нақты ауылдардың тағдырымен байланыстырамыз. Себебі елдің күші – ауылдағы адамның өмір сапасымен өлшенеді», – деді ол өз сөзінде.
Дәстүрлі форматтан тыс өрбіген бұл кездесуде Созақ өңірінің тұрғындары ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуына қатысты көкейде жүрген барлық мәселелерді жасырмай айтты. Ауыз су, жол сапасы, жайылым мен суармалы жер тапшылығы, жастарды жұмыспен қамту, ауыл шаруашылығын қолдау және шағын кәсіпкерлікті дамыту жайы жан-жақты сөз болды. Стратегиялық маңызы бар кен өндіретін аудан болғандықтан, экологиялық қауіпсіздік пен уран өндірісінің ықтимал зиянын азайту, кәсіпкерлікті қолдауға берілетін жеңілдетілген несиелердің тиімділігін арттыру мәселелері ерекше назарға алынды. Кандидаттар әрбір сауалға тиянақты жауап қайтарып, бұл түйткілдердің шешімі мемлекеттік саясаттың басты назарында болатынын жеткізді.
Жиын соңында Түркістан облыстық мәслихатының төрағасы Нұралы Әбішов Созақтың табиғи байлығы, еңбекқор адамдары мен өндірістік әлеуеті өңірдің ертеңі үшін зор мүмкіндік екенін баса айтты. Халықтың пікіріне сүйенген саясат қана әділетті әрі нәтижелі болатынын түсінген созақтықтар партия ұсынған бастамалардың жаңа Конституция қағидаттарымен толық үндесетінін жеткізді. Ең бастысы, халық пен саяси институттар арасындағы сенімді нығайтуға бағытталған бұл кездесулер елдің ертеңіне деген сенімді нығайтып, азаматтардың мемлекеттік шешімдер қабылдаудағы рөлін айқын көрсетті.

