СОЗАҚТА БЕЙНЕБАҚЫЛАУ КӨМЕГІМЕН 200-ДЕН АСТАМ ӘКІМШІЛІК ҚҰҚЫҚ БҰЗУШЫЛЫҚ ТІРКЕЛДІ

«Таза Қазақстан» республикалық экологиялық акциясы аясында Түркістан облысының Созақ ауданында қоғамдық тәртіпті сақтау, елді мекендердің тазалығын қамтамасыз ету және абаттандыру қағидаларының сақталуын бақылау бағытындағы жұмыстар қарқынды түрде жалғасып жатыр.

Осы бағытта Созақ ауданы полиция бөлімінің қызметкерлері аудан көлемінде күнделікті профилактикалық рейдтер өткізіп, қоғамдық орындар мен көшелерде санитарлық талаптардың сақталуын жіті бақылауға алды. Сонымен қатар, құқық бұзушылықтардың алдын алуда заманауи технологиялардың мүмкіндіктері де кеңінен қолданылуда, атап айтқанда, сыртқы бейнебақылау камералары арқылы тазалық ережелерін бұзу фактілері жедел анықталып, заң талаптарына сәйкес тиісті шаралар қабылданып жатыр.

Жүргізілген кешенді іс-шаралардың нәтижесінде бүгінгі күнге дейін 200-ден астам әкімшілік құқық бұзушылық тіркелді. Тәртіп бұзушыларға қатысты Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 434-2-бабының 1-бөлігі, яғни қоғамдық орындарды ластау және 505-бабы, яғни қалалар мен елді мекендердің аумақтарын абаттандыру қағидаларын бұзу бойынша әкімшілік хаттамалар рәсімделіп, кінәлі тұлғалар заң аясында жауапкершілікке тартылды.

Осы ретте Созақ ауданы полиция бөлімі барлық аудан тұрғындары мен қонақтарын тазалық талаптарын қатаң сақтауға, қоршаған ортаға ұқыптылықпен қарауға және қоғамдық орындардың тазалығын бірге сақтауға шақырады. Тәртіп сақшылары экологиялық мәдениет пен тазалықты сақтау әрбір азаматтың заң алдындағы және қоғам алдындағы басты міндеті екенін ескертеді.

Оқи отырыңыз

Соңғы жаңалықтар