Түркістан қаласында қалалық прокуратураның жаңа, заманауи ғимараты пайдалануға берілді. Бұл оқиға құқық қорғау жүйесі үшін маңызды қадам болып табылады, өйткені ол Мемлекет басшысының заң үстемдігін нығайту және азаматтарға сапалы қызмет көрсету жөніндегі ұстанымын айқын көрсетеді.
Салтанатты ашылу рәсіміне Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров, Қазақстан Республикасының Бас Прокурордың орынбасары Ғабит Садырбеков, ҚР Бас прокуратура жанындағы құқықтық статистика және арнайы есепке алу комитеті төрағасының орынбасары Ғабит Миразов, облыс прокуроры Мұрат Тлеубердиев, сондай-ақ құқық қорғау органдарының қызметкерлері мен зиялы қауым өкілдері қатысты.
Облыс әкімі Нұралхан Көшеров прокуратура қызметкерлерін жаңа ғимаратпен құттықтап, оларға жылы лебізін білдірді. Ол бұл нысанның қасиетті шаһарда құқық пен әділеттің жаңа ордасы болып бой көтергенін атап өтті.
«Бұл – тарихи сабақтастықтың белгісі. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «заң үстемдігі – елдің тұрақтылығы мен дамуының басты кепілі» екенін үнемі айтады. Президентіміз «Заң мен Тәртіп» қағидатын ұсынып, осы міндетті орындауда прокуратура органдарына маңызды міндет жүктеп отыр. Ал құқық қорғау саласы мүлтіксіз әрі сапалы қызмет етуі үшін оларға қолайлы жағдай жасалуы тиіс. Осы ретте бүгін ашылған ғимарат сіздердің жұмыстарыңызға серпін береді деп ойлаймын», – деді облыс әкімі. Нұралхан Оралбайұлы бұл жаңа ғимараттың заңға деген құрметтің, әділдікке деген сенімнің белгісі екенін де айтып өтті.
Жаңа прокуратура ғимараты тек кеңсе ғана емес. Бұл – заң үстемдігін нығайтуға, қоғамдағы әділдікті қамтамасыз етуге, тұрғындардың өтініштеріне жедел және сапалы жауап беруге арналған заманауи орталық.
Ғимараттың құрылысы биылғы жылдың ақпан айында басталып, жыл соңында толық аяқталған. Тапсырыс беруші – «Түркістан қаласы әкімдігінің құрылыс бөлімі» ММ, ал құрылыс жұмыстарын «Нұр-Строй 2012» ЖШС жүргізді.
Екі қабатты нысан заманауи техникалармен жабдықталған. Ішінде қызметкерлердің жұмыс істеуіне барлық жағдай жасалған: ыңғайлы қызметкер бөлмелері, үлкен жиналыс залы, ас бөлмесі, жаттығу бөлмесі, жабық спорт залы және автотұрақ бар. Бұл жағдайлар прокуратура қызметкерлерінің тиімді жұмыс істеуіне және азаматтарға қызмет көрсету сапасын арттыруға ықпал етеді.
Түркістан қаласындағы жаңа прокуратура ғимаратының ашылуы – мемлекеттің құқық қорғау жүйесін дамытуға және азаматтардың құқықтарын қорғауға деген ұмтылысының айқын көрінісі. Бұл нысан заңдылықты нығайтуға, қоғамдағы әділдікті арттыруға және азаматтардың мемлекеттік органдарға деген сенімін нығайтуға бағытталған маңызды қадам болып табылады. Жаңа ғимараттың заманауи инфрақұрылымы мен жабдықталуы прокуратура қызметкерлеріне өз міндеттерін орындауда қосымша мүмкіндіктер береді, бұл өз кезегінде халыққа көрсетілетін қызметтің сапасын арттырады. Бұл жоба Түркістан қаласының дамуына және оның әлеуметтік-экономикалық әлеуетін арттыруға да үлес қосады.
