Түркістан облысы Кәсіпкерлер палатасы Өңірлік кеңесінің төрағасы Нұралы Әбішов Түлкібас ауданының жергілікті кәсіпкерлерін жеке қабылдап, олар көтерген өзекті мәселелерді тыңдады. Кәсіп иелері субсидиялау, газ және электр энергиясының тарифтері, инфрақұрылымның жетіспеушілігі, сондай-ақ несие алудағы қиындықтар жөнінде айтып, қолдау сұрады.
Жиынға облыс әкімінің орынбасары Талғат Қозбеков, Түлкібас ауданы әкімінің орынбасары, құқық қорғау органдары мен мемлекеттік мекемелердің басшылары, өңірлік кеңес мүшелері және кәсіпкерлер қатысты.
«Бүгінгі кездесуде байқалғаны — Түлкібас кәсіпкерлерінің жұмыс істеуге деген ынтасы жоғары. Бірақ жүйелі және әкімшілік кедергілер олардың дамуына тосқауыл болып отыр. Көтерілген әр мәселе хатталып, нақты шешім қабылдануы тиіс. Бұл бағытта тиісті шаралар қолға алынады» деді Өңірлік кеңес төрағасы Нұралы Әбішов.
Кәсіпкерлердің мәселелері:
Көл жағасында демалыс орнын ашуды жоспарлап отырған «Виола» ШҚ жолдың жоқтығы, автотұрақ пен жол белгілерінің болмауы кедергі келтіріп жатқаны туралы мәселе көтерді. Осыған орай кәсіпкер қажетті құжаттарды рәсімдеу үшін сервитут шарты сақталуы үшін әкімдік тарапынан қолдау сұрады.
Ал, 3000 басқа арналған мал бордақылау алаңын салуға ниет етіп отырған «RAFE COM» ШҚ 8 гектар жердің нысаналы мақсатын жайылымнан өндірістік мақсатқа ауыстыру бойынша өтінішін жеткізді.
«KazAgroVision» ЖШС өндіріс көлемін ұлғайту үшін жеңілдетілген несие алуға жәрдем сұрады.
«Түлкібас жеміс-жидектері» АШӨК 2000 тоннаға арналған көкөніс сақтау қоймасы мен 220 гектар алма бағына ие. Қазір жемістерді қайта өңдеу цехының құрылысы жүріп жатыр. Бұл мақсатта 0,5 гектар жер телімі сатып алынып, «Халық Банк» АҚ арқылы 350 млн теңге несие тартылып, құрал-жабдықтар алынған. Қазір монтаж жұмыстары жүргізілуде. Сонымен қатар, сүт өнімдерін терең өңдеу бағытын дамыту жоспарланған. Жаңа жабдықтар алуға 400 млн теңге көлемінде жеңілдетілген несие қажет. Бұл ретте «Түркістан» ӘКК арқылы қаржыландыру мүмкіндігін қарастыру ұсынылды.
«Zhassem Беркинбеков» ЖШС алма бағын ұйымдастырып, өңірдегі өнімдерді қабылдап, дайын алма шырынын тетрапакетке құю желісін іске қосуды жоспарлап отыр. Жобаны жүзеге асыру үшін 500 млн теңге инвестиция қажет. Осыған байланысты ұзақ мерзімді жеңілдетілген несие қарастыруды өтінді. Жоба өңірлік ауыл шаруашылығы мен қайта өңдеу секторын дамытуға, жаңа жұмыс орындарын ашуға ықпал етпек.
«Кәсіпкерлер көтерген әрбір мәселе – біз үшін маңызды. Бұл ұсыныстар тиісті органдарға жеткізіліп, нақты нәтижеге қол жеткізуге күш саламыз. Бизнес өкілдері қордаланған түйткілдерді ашық айтып, бірге шешім табуға ұмтылуы – өзара сенімнің белгісі» деп атап өтті Кәсіпкерлер палатасының директоры Асылан Ибадуллаев.
Кездесуде, сондай-ақ, Өңірлік кеңес туралы Үлгілік ережеге және кәсіпкерлер палаталарының өңірлік кеңестерін қалыптастыру мен делегаттарды сайлау қағидаларына енгізілетін өзгерістер де талқыланды.
Жиын соңында көтерілген барлық мәселе хатталып, жауапты органдарға жолданатын болды. Кәсіпкерлер палатасы тарапынан әрбір жоба мен ұсыныс бақылауға алынып, шешімін табу бағытында тиісті жұмыстар жүргізілетіні атап өтілді.
Кездесу жергілікті бизнестің дамуына серпін беріп, мемлекеттік құрылымдармен өзара тиімді ынтымақтастықты нығайтуға жол ашты.