2020-2025 жылдары аймақтарды дамытуға бағытталған «Ауыл – ел бесігі» мемлекеттік бағдарламасы. Бағдарламада ауыл тұрғындарының жағдайын жақсарту және ауылдарды үлкейту үшін бірнеше бағыт қарастырылған. Сол бағыттардың бірі – ауылдық елдімекендерді дамыту, оның ішінде орталық ауылдардың инфрқұрылымын, тұрмыс салтын жақсарту. Биыл Түлкібас ауданында «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы аясында үш ауылдық округ (Майлыкент, Машат, Ақбиік) аумағындағы бес ауылда – Т.Рысқұлов, Бақыбек, Ақбиік, Машат, Құлан елді мекендерінде жалпы 18 көшеге жөндеу жұмыстары жүргізілуде.
Атап айтқанда:
– Машат ауылында: Әбілдабек, Мырзабаев, Медетов, Кәрібаев, Бекбаев көшелері;
– Т.Рысқұлов ауылында: Бекбосынов, Садықов, Құланды, Зерде, Абиров көшелері;
– Бақыбек ауылында: Достық көшесі;
– Ақбиік ауылында: Сәулетбек, Ақниет көшелері;
– Құлан ауылында: Жастар, М.Әуезов, Атамекен, Достық, Бейбітшілік көшелері жөндеуден өтуде.
Аудан әкімі Асқар Естібаев жұмыс барысымен Майлыкент ауылдық округіне қарасты Т.Рысқұлов ауылындағы орташа жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатқан Бекбосынов көшесінің құрылыс барысымен танысты. Ұзындығы 4,5 шақырымды құрайтын Бекбосынов көшесі — ауыл ішіндегі негізгі жолдардың бірі.
Жолды «Мақтааралдорстрой» ЖШС жөндеп жатыр. Мердігер мекеменің мәліметінше, бүгінгі күні құрылыс жұмыстарының 80 пайызы аяқталған. Жоспарға сәйкес жол маусым айының соңына дейін толық пайдалануға беріледі.
Аудан әкімі мердігер компанияның өкілдерімен кездесіп, жұмыстың сапасы мен уақытылы орындалуына баса назар аудару қажеттігін атап өтті. Сонымен қатар, жол құрылысы кезінде тұрғындарға қолайсыздық туғызбау үшін барлық қауіпсіздік талаптарын қатаң сақтау жөнінде нақты тапсырмалар берді.
Жаңартылып жатқан Бекбосынов көшесі ауыл тұрғындарының жүріп-тұруына қолайлы жағдай жасап қана қоймай, көлік қатынасын да едәуір жеңілдетпек. Бұл өз кезегінде ауылдың әлеуметтік-экономикалық дамуына оң ықпал етеді.