Түркістан облысында өндіріс ошақтарын ашып, аймақтың әлеуметтік-экономикасының дамуына қарқын беру, сол арқылы жергілікті тұрғындарды жұмыспен қамтып, әл-ауқатын арттыру мақсатында ауқымды жұмыстар атқарылуда.Соның бірі – Мичурин ауылдық округіндегі «Түлкібас жеміс-жидектері» ауыл шаруашылығы өндірістік кооперативінің жеміс-жидекті өңдеу жобасы.
Бүгінгі таңда жалпы құны 1 млрд. 100 млн. теңгені құрайтын кәсіпорынның қажетті құрылғылары Қытай елінен толық жеткізіліп, тексеріліп, жұмыс бастауға толық дайын.
Аталған кәсіпкерлік нысанға бүгін аудан әкімі Асқар Естібаев, аудандық мәслихаттың төрағасы Серғали Сәрсенбаев, аудан әкімінің салаға жауапты орынбасары Ғани Құрманбай және жауапты бөлім басшылары арнайы барып, қазіргі таңда атқарылып жатқан жұмыстар барысымен танысты.
Аудан әкімі кәсіпкер Бейбіт Төлешовпен бірге нысанды толық аралап, кәсіпкерге заң талаптарына сай қолдау көрсетуге дайын екенін жеткізді.
Жалпы аумағы 2200 шаршы метрді құрайтын нысанның іске қосылуына жоспарланған 1 млрд. 100 млн. теңгенің 122 млн. теңгесі – кәсіпкердің өз қаржысы, 350 млн.теңгесі – мемлекеттік қайтарымсыз грант есебінен, қалғаны жеңілдетілген несие арқылы қаржыландырылды.
Бұл жерде маусымында 3 мың тонна алмадан 0,2 литрлік 16 млн. 300 мың дана дайын ыдыстағы шырын, 90 тонна кептірілген жеміс, 100 тонна кептірілген алма ұнтағын және 50 тонна балалар тағамын (пюре) өндіру жоспарлануда.
Кәсіпкер шикізатты да өзі өндірмек. Яғни, өзінің 360 гектар алма бауынан шыққан өнімінің сақтауға жарамай қалған бөлігін осы өндіріске жібермек. Кәсіпорын қазір алманың пісуін күтіп отыр, күзгі жиын-терімнен соң өндіріс жұмысын бастамақ.
Айта кетейік, кәсіпкердің өз алма бауынан терілген экологиялық таза жемісінен ешқандай қоспасыз 7 түрлі шырын және басқа да өнім түрлері «Түлкібас» брендімен сауда қатарларына жол тартатын болады.
Өндіріс орны толық іске қосылған жағдайда 35 адамға тұрақты жұмыс орны ашылмақ.