САЙЛАУ-2026: ТҮРКІ ӘЛЕМІ САЙЛАУДАҒЫ ЖАЛҒАН АҚПАРАТҚА ҚАРСЫ КҮШ БІРІКТІРУДЕ

Түркі мемлекеттері ұйымына мүше елдер сайлау процесіндегі цифрлық қауіпсіздікті нығайту мақсатында бірлескен күш-жігерін біріктірді. Қазақстан Республикасы Орталық сайлау комиссиясында Түркі мемлекеттері ұйымының мүше мемлекеттерінің орталық сайлау органдары арасындағы Консультативтік платформа аясында арнайы жұмыс тобының алғашқы онлайн-отырысы өтті. Басқосуға Әзербайжан, Қырғызстан, Өзбекстан және Түркияның сайлау комиссиялары өкілдері, сондай-ақ Қазақстанның бейінді мемлекеттік мекемелері мен сарапшылары қатысты.

Отырыста ҚР ОСК мүшесі, жұмыс тобының төрағасы Ләззат Сүйіндік заманауи электоралдық процестерге тікелей әсер ететін жаңа тәуекелдерге тоқталды. Оның айтуынша, жасанды интеллекттің қарқынды дамуы аясында дипфейктер мен жалған ақпарат сайлау қауіпсіздігінің басты факторына айналған. «Біздің негізгі міндетіміз – тек өтірікті анықтаумен шектелмей, оның ықпалын уақтылы жою. Сонымен қатар, азаматтардың сенімді ақпаратқа қол жеткізу құқығын қамтамасыз ету және дағдарыс жағдайында жедел әрекет ету механизмдерін қалыптастыру маңызды», – деді ол.

Отырыс барысында Қазақстанның цифрландыру саласындағы жетістіктері мен болашақ жоспарлары таныстырылды. Жасанды интеллектті дамыту мемлекеттің стратегиялық басымдықтарының бірі ретінде бекітілген. Бұл бағыттағы заңнамалық база 2026 жылғы 15 наурызда өткен республикалық референдумда қабылданған жаңа Конституцияда да өз көрінісін тапқан. Мемлекет тарапынан дербес деректерді қорғау, азаматтардың цифрлық құқықтарын қамтамасыз ету және цифрлық трансформацияны басқарудың тұрақты институционалдық жүйесін құру мәселелеріне ерекше мән беріліп отыр.

Жалған ақпаратқа қарсы күрес және сайлау процестеріндегі ақпараттық қауіпсіздік мәселелері елдер аралық ынтымақтастықтың маңызды бағытына айналды. Бұл тақырыпқа арналған тәжірибелік кездесуде Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінің Ақпараттық-үйлестіру орталығының басшысы Руслан Бекарсланов республикалық референдум кезеңіндегі ақпараттық бұрмалауға қарсы іс-қимыл тәжірибесін терең талдады.

Сессия барысында «Талдау және ақпарат орталығы» РМК директоры Михаил Комиссаров цифрлық кеңістіктегі деструктивті контентті мониторингтеу және анықтаудың заманауи құралдары туралы есеп берді. Сондай-ақ, электоралдық процестерде жалған ақпаратпен күрес және жасанды интеллектті реттеу бойынша ұлттық тәсілдер ұсынылып, олардың тиімділігі талқыланды.

Халықаралық әріптестер өз елдеріндегі тәжірибелерімен бөлісті. Қырғыз Республикасының Сайлау және референдум өткізу жөніндегі орталық комиссиясының мүшесі Узарбек Жылкыбаев ақпараттық дауларды сотқа дейін реттеу механизмдерін және 74 азаматтық білім беру орталығының қызметін таныстырды. Түркия Республикасының Жоғары сайлау кеңесінің бас директоры Юсуф Шафақ институционалдық топтың жұмысы мен жалған ақпаратқа қарсы заңнамалық базаның бар екенін атап өтті. Өзбекстан Республикасы Орталық сайлау комиссиясының тұрақты мүшесі Гюльноза Рахимова сайлауалды үгіт кезеңінде жасанды интеллектті қолдану қағидалары туралы баяндады.

Отырыс қорытындысы бойынша тараптар электоралдық саладағы жалған ақпаратқа қарсы іс-қимыл бағытында ынтымақтастықты одан әрі дамытуға және күш-жігерді үйлестіруге ортақ мүдделілігін растады. Болашақ жұмыс сайлау процестерінің ашықтығын арттыруға, қоғамның сенімін нығайтуға және ақпараттық қауіпсіздікті қамтамасыз ету бойынша келісілген тәсілдерді қалыптастыруға бағытталатын болады.

Анықтама үшін: Түркі мемлекеттері ұйымына мүше мемлекеттердің орталық сайлау органдарының Консультативтік платформасын құру бастамасын Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев 2023 жылғы 3 қарашада Астанада өткен X саммитте ұсынған болатын. Бастама барлық мүше мемлекеттер тарапынан қолдау тауып, 2024 жылғы 6 қарашада өткен ТМҰ-ның XI саммитінің Бішкек декларациясында бекітілді.

Платформаның алғашқы отырысы 2025 жылғы 14 мамырда Түркістан қаласында өтті. 2025 жылғы 28 қарашада Бішкекте өткен жұмыс отырысында Сайлау процесіне дипфейктердің ықпалын төмендету мәселелері бойынша жұмыс тобын құру туралы шешім қабылданды. Оның негізгі міндеттері — тәуекелдерді мониторингтеу және бағалау, әрекет ету тетіктерін әзірлеу, сондай-ақ ТМҰ елдерінің сайлау органдары арасында жедел ақпарат алмасуды қамтамасыз ету.

Оқи отырыңыз

Соңғы жаңалықтар