ТҮРКІСТАН: 263,3 ШАҚЫРЫМДЫҚ КӘРІЗ ЖҮЙЕСІ ТАРТЫЛЫП ЖАТЫР

Түркістан қаласында экономиканың өсімін қамтамасыз етумен қатар, халықтың өмір сүру сапасын жақсартуға ерекше басымдық берілуде. Қазіргі таңда жалпы ұзындығы 263,3 шақырымды құрайтын сарқынды су жүйелерін тарту жұмыстары жүргізіліп жатыр. Бұл туралы Түркістан қаласының әкімі Әзімбек Пазылбекұлы Өңірлік коммуникация қызметінде өткен  брифингте айтты.  

Қала әкімі брифингте 2025 жылдың қаңтар-мамыр айларындағы әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштері бойынша атқарылған жұмыстар жөнінде баяндамады.

Брифинг барысында қала аумағында жүзеге асырылып жатқан кәріз жүйелерін дамыту мәселесі де кеңінен талқыланды.

Қала басшысы кәріз инфрақұрылымын жетілдіруге қатысты бірқатар өзекті мәселелерді атап өтті. 2020-2025 жылдар аралығында Түркістан қаласында кәріз жүйелерін дамыту бағытында ауқымды жобалар іске асырылуда. Қазіргі таңда жалпы ұзындығы 263,3 шақырымды құрайтын сарқынды су жүйелерін тарту жұмыстары қала аумағындағы магистральды желілермен қатар, ішкі орам көшелерін де қамтуда.

Жобалар аясында қала аумағында инженерлік инфрақұрылымды толық қамту мақсатында бірқатар құрылыс нысандарының салынуы жоспарланған. Атап айтқанда, сарқынды суларды тазартатын 5 имарат, 21 канализациялық сорғы станциясы және 4 шығын реттегіш құдықтың құрылысы қарастырылған. Бұл нысандардың іске қосылуы кәріз жүйесінің қуаттылығын арттырып, халықты сапалы қызметпен қамтуға мүмкіндік береді.

Бүгінде Түркістан қаласында 27 КНС бар. Олардың 7-і – 1980 жылы, үшеуі – 2010 жылы, ал 17-сі 2014 жылы пайдалануға берілген.

Қолданыстағы сарқынды су құбырларының ұзындығы 401,6 шақырымды құрайды. Бұл желілерге 17 581 абонент қосылған. Жалпы орталықтандырылған кәріз жүйесімен қамту көрсеткіші 36,5 пайыз деңгейінде.

Қала тұрғындарын толық кәріз жүйесіне қосу мақсатында қазіргі уақытта 13 нысанның құрылысы жүргізілуде. Оның ішінде 7 нысанды 2025 жылдың соңына дейін аяқтап, пайдалануға беру жоспарланған.

Қазіргі таңда кәріз жүйесінің құрылысы аяқталған 159 көшеге кезең-кезеңімен асфальт төселуде. Қаланың негізгі магистральды көшелерінде жол жөндеу жұмыстары аяқталуға жақын. Ендігі кезекте абоненттерді қосуды  жедел іске асыру арқылы көшелерге асфальт төсеу жұмыстарын кешіктірмей аяқтау көзделуде.