ТҮРКІСТАН: 359,8 МЫҢ ГЕКТАР ЖЕР ӨҢДЕЛДІ

Түркістан облысында шегіртке мен ауыл шаруашылығы зиянкестеріне қарсы күрес үздіксіз жүргізіліп жатыр. Бүгінгі таңда Түркістан облысының аумағында 866,7 гектар жер зерттеліп, оның 359,8 мың гектары өңделді. Атқарылған жұмыстың есебі облыс әкімінің орынбасары Нұрбол Тұрашбековтің төрағалығымен өткен штаб отырысында қаралды.

Арыс қаласы бойынша Сарыағаш ауданымен шектесетін 10-секторға күш салынуда. 10 және 14 секторларда 1000 гектардан астам жер өңделуде. 19-23 секторларда зиянкестен тазалау жұмыстары аяқталған. Дегенмен, анықтаушылар арқылы аймақтардағы бақылауды жалғастыру ұсынылды. Арыс қаласының әкімі Қайсар Маңқараев 1-8 секторларда қайта зерделеуге 100-ге жуық анықтаушы жұмылдырылғанын атап өтті.

Келес ауданында 23 және 26 секторда тазалау жұмыстары атқарылуда. 32-33 сектор аралығында жаңа ошақтар анықталып, 700 гектарға жуық алқапта химиялық өңдеу басталды. Шардара ауданымен шектесетін 23, 29, 30 секторларда жағдай тұрақты.

Сарыағаш ауданы бойынша 6 секторда 2 күндік жұмыс қалған. Атап айтқанда, 40-секторда 115 гектар, 47 секторда 10 гектар, 49 секторда 8 гектар, 50 секторда 70 гектар, 51 секторда 155 гектар алқап дәріленуде. Жалпы аудан бойынша тазаланған аумақ 96,6 мың гектарды құрап отыр. Бүгінгі таңда ауданда өңдеуге 35 техника жұмылдырылған. Аудан әкімі Арман Абдуллаев егістіктер мен ауданаралық шекаралас аймақтар ерекше қадағалауға алынғанын жеткізді.

Қазығұрт ауданында шегіртке дернәсілдері 2-3 жас кезеңге өткен. Техникалармен қатар таулы аймақтарға дрон және шекаралас аймақтарға аспалы бүріккіштер қолданылуда. Бүгінгі таңда 3,8 мың гектар химиялық өңдеуден өткен.

Нұрбол Тұрашбеков атқарылған жұмыстарды зерделей келе жауапты мамандарға бірқатар тапсырма жүктеді.

Оқи отырыңыз

Соңғы жаңалықтар