ТҮРКІСТАН: 8 ЖЫЛДА 977 МЫҢНАН АСТАМ ЖҰМЫС ОРНЫ ҚҰРЫЛДЫ

Түркістан облысында еңбек нарығын дамыту және халықтың әл-ауқатын арттыру бағытындағы реформалардың нәтижесі айтарлықтай. Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмаларын орындау аясында 2018 жылдан бастап 2026 жылдың 1 маусымына дейінгі кезеңде «Өңірлік жұмыспен қамту картасы» шеңберінде 977 654 жаңа жұмыс орны құрылды. Бұл көрсеткіш облыстағы әлеуметтік-экономикалық дамудың қарқындылығын және мемлекеттік саясаттың тиімділігін дәлелдейді.

 Жұмыспен қамту шараларының арнайы бағдарламалары арқылы да елеулі жетістіктерге қол жеткізілді. Мемлекет басшысының «10 мың тұрғынға 100 жаңа жұмыс орнын құру» тапсырмасы бойынша 98 016 азамат өз еңбек орындарын тапса, Ұлттық жобалар мен Тұжырымдамалар аясында 265 245 адам тұрақты жұмысқа орналастырылды. Сонымен қатар, 245 940 адам субсидияланатын жұмыс орындарына тартылды. Әлеуметтік қорғалмаған топтарға арналған бағдарламалар да жоғары сұранысқа ие: 39 990 адам әлеуметтік жұмыс орындарына, ал 130 403 адам қоғамдық жұмыстарға жұмылдырылды.

Жастарды еңбек нарығына бейімдеу және алғашқы кәсіби дағдыларын қалыптастыруға ерекше мән берілуде. 58 653 жас маман практика өтіп, тәжірибе жинақтады, ал «Алғашқы жұмыс орны» жобасы 7 616 азаматты, «Күміс жас» бағдарламасы 9 270 зейнеткерді жұмыспен қамтыды. Ұрпақтар келісімшарты аясында 8 отбасы қолдау көрсетті. Мұндай кешенді жұмыс жастардың болашаққа деген сенімін арттырып, отбасылық құндылықтарды нығайтуға септігін тигізуде.

Кәсіпкерлікті қолдау саласында да маңызды қадамдар жасалуда. 29 401 азаматқа бизнес-идеяларын іске асыру үшін мемлекеттік гранттар бөлінсе, 625 жас кәсіпкер жеңілдетілген (жылдық 2,5%) несие алу мүмкіндігіне ие болды. Бұл шаралар шағын және орта бизнестің дамуына серпін беріп, жергілікті экономикадағы бәсекеге қабілеттілікті арттыруға бағытталған.

Білім беру және дағдыларды жетілдіру бағытындағы жұмыстар да үлкен ауқымды қамтиды. 14 303 адам кәсіптік оқытудан өтіп, оның 14 099-ы білім беру ұйымдарында, ал 204-і тікелей жұмыс берушілердің базасында біліктілігін арттырды. Сонымен қатар, Enbek.kz платформасы арқылы 16 573 адам онлайн форматта сұранысқа ие дағдыларды игерсе, «Бастау Бизнес» жобасы аясында 78 287 азамат кәсіпкерлік негіздерін меңгерді. Осындай күрделі жұмыстар облыстағы еңбек нарығының икемділігін арттырып, халықтың кәсіби деңгейін көтеруде шешуші рөл атқарады.

Түркістан облысы әкімі Нұралхан Көшеровтің басшылығымен өңірдегі еңбек нарығын дамыту және халықты жұмыспен қамту мәселелеріне ерекше назар аударылуда. Бұл бағыттағы кешенді шаралардың нәтижесінде аймақта оң динамика байқалып, жұмыссыздық деңгейінің төмендеуіне қол жеткізілді.

2026 жылдың бірінші тоқсанының қорытындысы бойынша облыстағы жалпы жұмыссыздық деңгейі 4,6 пайызға дейін қысқарды. Ерекше атап өтетін жайт – жастар арасындағы жұмыссыздық көрсеткіші 1,9 пайызға, ал әйелдер арасында 5 пайызды құрады.

Болашақта Түркістан облысында тұрақты жұмыс орындарын кеңейту, кәсіби дағдыларды жетілдіру және азаматтардың әл-ауқатын арттыру бағытындағы жұмыстар үздіксіз жалғасады. Өңір басшылығы халықтың әл-ауқатын жақсарту және экономикалық тұрақтылықты қамтамасыз ету үшін барлық мүмкіндіктерді пайдалануды көздеп отыр.

Оқи отырыңыз

Соңғы жаңалықтар