Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов Түркістан облысында су саласын дамыту жоспарын таныстырды. 2028 жылға дейін төрт жаңа су қоймасы салынады, екеуінің құрылысы аяқталуға жақын. Сондай-ақ, үш су қоймасы жаңартылып, инженерлік қорғанысы күшейтіледі.
Өңірде ирригациялық каналдарды жөндеу бойынша төрт жоба аяқталып, 24,5 мың гектардан астам жер суармалы болды. Климаттың өзгеруіне байланысты су шаруашылығы инфрақұрылымын жаңғырту басым бағыт болып табылады.
Су үнемдеу технологияларын енгізуді ынталандыру үшін мемлекеттік қолдау 80%-ға дейін ұлғайтылды. Нәтижесінде, су үнемдеу технологиялары қолданылатын алқап көлемі үш есе өсіп, 543,5 мың гектарға жетті. Түркістан облысында 82 мың гектар жерге заманауи суару жүйелері енгізіліп, 124,5 млн текше метр су үнемделді.
Судың «көлеңкелі айналымын» жою үшін Жол картасы қабылданды. Кездесуде тұрғындар ирригациялық каналдарды жөндеу, бұлақтарды қалпына келтіру және су үнемдеуді субсидиялау мәселелері бойынша сұрақтар қойды. Министр азаматтарды жеке қабылдап, тиісті тапсырмалар берді.
