Түркістан облысының дін істері басқармасының ресми мәлімдемесі

Түркістан облысының дін істері басқармасы өңір аумағындағы дін саласындағы мемлекеттік саясатты жүзеге асыратын мемлекеттік орган ретінде әлеуметтік желіде тараған «Дүмше молда дін бұзар!» атты жарияланымға қатысты қолданыстағы заң талаптарына сәйкес зерделеу жұмыстарын жүргізіп жатыр.

Қазақстан Республикасының Конституциясына сәйкес, елміз демократиялық, зайырлы, құқықтық және әлеуметтік мемлекет болып табылады және мемлекеттің ең жоғары құндылығы — адам мен оның өмірі, құқықтары мен бостандықтары (1-бап). Сонымен қатар, Қазақстанда дін мемлекеттен бөлек деп белгіленген және діни ұйымдардың қызметі заңға сәйкес жүзеге асырылады (7-бап). Адамның және азаматтың құқықтары мен бостандықтарын іске асыру басқа тұлғалардың құқықтарын бұзбауға, конституциялық құрылыс негіздеріне, қоғамдық тәртіпке, азаматтардың денсаулығы мен қоғамның адамгершілік болмысына нұқсан келтірмеуге тиіс (15-бап).

«Діни қызмет және діни бірлестіктер туралы» Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес діни рәсімдер, ғұрыптар мен жоралар заңнамада белгіленген тәртіппен және осы мақсатқа арналған арнайы орындарда жүзеге асырылады. Сондай-ақ, діни қызметті ұйымдастыру және өткізу кезінде міндетті түрде қоғамдық тәртіп, өзге азаматтардың құқықтары мен заңды мүдделері сақталуы қажет.

Қазіргі уақытта жүргізіліп жатқан зерделеу жұмыстарының нәтижесі бойынша толық құқықтық баға берілетін болады. Егер құқық бұзушылық белгілері анықталған жағдайда, кінәлі тұлғалар қолданыстағы заң талаптарына сәйкес тиісті жауапкершілікке тартылады.

Діни мәселелерге қатысты пікір білдіру барысында өзара құрмет, толеранттылық танытып, заң талаптарын қатаң сақтаудың маңызы зор. Әлеуметтік желілерде жарияланған пікірлер тек олардың авторларының жеке көзқарасын білдіреді және бұл мемлекеттік органдардың ресми ұстанымы болып табылмайды.

Осыған орай, Түркістан облысының дін істері басқармасы азаматтарды аталған мәселе бойынша қоғамда теріс пікір мен жалған ақпараттың қалыптасуына жол бермеуге шақырады.

Оқи отырыңыз

Соңғы жаңалықтар