Бәйдібек ауданында Қазата елді мекеніне табиғи газ берілді. Енді 173 абонент «көгілдір отынның» рахатын көрмек. Құрылыс жұмыстарын «Birlik Stroy1» ЖШС жүргізді. Газ құбырының ұзындығы – 10,335 шақырым. Тұрғындардың қуанышын бөлісуге аудан әкімі Ерлан Нұрмаханов келді.
– Бұл күн ауыл тарихында ерекше орын алады деп сенемін. Бұл – бірлік пен тынымсыз еңбектің жемісі. Ауылдарға газ берілуі – Мемлекет басшысының халықтың әл-ауқатын арттыруға бағытталған саясатының жарқын көрінісі, – деді Ерлан Нұрмаханов.
Салтанатты шараға аудан әкімдігінің өкілдері, ауыл ақсақалдары, жергілікті тұрғындар және жобаны жүзеге асырған мердігер мекеме өкілдері және «QazaqGaz Aimaq» АҚ Түркістан өңірлік филиалының директоры Ақылбек Абилдиев арнайы қатысып, тұрғындарды құттықтады.
Бәйдібек ауданында биыл жыл соңына дейін 37 елді мекен немесе 42 935 халық (89%) табиғи газбен қамтылады. Бүгінде 9 елді мекенді табиғи газбен қамтамасыз ету мақсатында жоба әзірленген. Қошқар ата елді мекеніне жеткізуші және ішкі газ тораптарының құрылысына жобалау-сметалық құжаттамалары жергілікті бюджет есебінен әзірленуде.