Түркістан облысының инвестициялық әлеуеті өсіп келеді. Бұл туралы облыс әкімінің орынбасары Қанат Қайыпбектің төрағалығымен өткен инвестициялық штаб отырысында айтылды. Жиын барысында жаңа инвестициялық жобаларды іске қосу және бұрынғы жобалардың барысы талқыланып, нақты тапсырмалар берілді. Инвесторлар өздерінің жоспарларымен бөлісіп, атқарылып жатқан жұмыстар туралы есеп берді.
Әсіресе, ағымдағы жылы іске асырылатын жобаларға ерекше назар аударылды. Бұл жобалардың басым бөлігі өңірдің экономикалық дамуына, жаңа жұмыс орындарын ашуға және халықтың әл-ауқатын арттыруға бағытталған. Арыс қаласы мен Сарыағаш ауданы әкімдерінің шетелдік инвесторлармен жүргізген келіссөздерінің оң нәтиже бергені де айтылды. Бұл келіссөздер облысқа қосымша инвестиция тартуға және жаңа серіктестіктер орнатуға мүмкіндік береді.
Облыс әкімінің орынбасары жауапты басшыларға мерзімінде жұмыстарды орындауды, әсіресе, жаңа жобаларды іске қосу және инфрақұрылыммен қамтамасыз ету жұмыстарын жеделдетуді тапсырды. Инвестициялық жобаларды сәтті жүзеге асыру үшін әкімдік тарапынан барлық қажетті қолдау көрсетілетіні атап өтілді. Бұл жобалардың облыс әкімінің тікелей бақылауында екендігі, олардың орындалуына ерекше мән берілетінін көрсетеді.
Қолға алынып жатқан жобалар қатарында Сауран ауданы Шаға ауылдық округінде «EURO SANDWICH PANEL» ЖШС-нің сэндвич-панельдер мен металл конструкциялар өндіретін зауыт салу жобасы бар. Шардара ауданында «Dos Big Company» ЖШС қонақ үй кешені мен фитнес орталығының құрылысын жүргізуде. Төлеби ауданында «Тауэнерго» ЖШС шағын ГЭС құрылысы жобасын қолға алды. Одан бөлек, «Jasyl qyat» ЖШС-ның шағын ГЭС құрылысы іске асырылуда. Түлкібас ауданында «Майлыкент Ферм» ЖШС тауарлы сүт фермасы жобасын жыл соңына дейін іске қосуды жоспарлап отыр. Бұл жобалар Түркістан облысының индустриялық, туристік және аграрлық секторларының дамуына айтарлықтай үлес қосады деп күтілуде.
Жалпы, инвестициялық штаб отырысы өңірдің даму қарқынын арттыруға, инвесторлармен тиімді жұмыс істеуге және алға қойылған мақсаттарға жетуге бағытталған кешенді шараларды жүзеге асыруға серпін берді.
