Түркістан қаласында жергілікті кәсіпкерлерді қолдау, халықтың әлеуметтік жағдайын жақсарту және азық-түлік бағасын тұрақтандыру мақсатында ұйымдастырылып жатқан жәрмеңкелер игі дәстүрге айналып отыр. Бұл шаралар қала тұрғындарына сапалы әрі қолжетімді бағадағы азық-түлік өнімдерін сатып алуға мүмкіндік береді.
Аптаның әр жұма күні тұрақты түрде өтіп жатқан сауда алаңдарының бірі – «Бірлік» тұрғын алабындағы жәрмеңке. Мұнда саудаланатын азық-түлік бағасы нарықтағы бағамен салыстырғанда 30-50 пайызға дейін төмен. Бұл – қала тұрғындары үшін үлкен жеңілдік.
Жәрмеңке сөрелерінен Келес, Төлеби және Түлкібас аудандарының шаруалары, «Түркістан» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы» АҚ және жергілікті кәсіпкерлер ұсынған ет-сүт өнімдері, қаймақ, жұмыртқа сияқты тауарлар арзандатылған бағада сатылады. Бұл шаруалардың өз өнімдерін тікелей тұтынушыға ұсынуына, ал тұтынушылардың делдалсыз, тиімді бағамен сатып алуына жағдай жасайды.
Қолжетімді бағадағы тауарларды сатып алуға келген қала тұрғындарына 30 тоннаға жуық ауыл шаруашылығы өнімдері сатылды. Мысалы, картоп – 140 теңге, пияз – 85 теңге, сәбіз – 140 теңгеден саудаланды. Ал, қырыққабаттың бағасы – 100 теңге. Сондай-ақ, сиыр етінің бағасы – 2500 теңге, тауық еті – 1100 теңге. Нанның бағасы – 80 теңге, жұмыртқаның данасы – 45 теңгеден сатылды. Бұл бағалар нарықтағы бағалармен салыстырғанда әлдеқайда тиімді екені сөзсіз.
«Түркістан» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы» АҚ Басқарма төрағасы Бекжан Бисенбаевтың айтуынша, кезекті жәрмеңке 19-қараша күні «Конгресс холл» көпсалалы кешенінің алдында «Agrofest Turkistan-2025» мерекелік шарасына орай ұйымдастырылады деп жоспарлануда. Бұл шарада өңір аумағындағы аудан-қалалардан келген шаруалардың экологиялық таза, құнарлы да сапалы өнімдері ұсынылмақ. Бұл – өңірдің ауыл шаруашылығы саласын дамытуға, шаруалардың еңбегін бағалауға және тұтынушыларға сапалы өнімдерді ұсынуға бағытталған маңызды қадам.
Түркістан қаласындағы азық-түлік жәрмеңкелері – халықтың әл-ауқатын арттыруға, баға тұрақсыздығын болдырмауға және жергілікті шаруаларды қолдауға бағытталған тиімді әрі маңызды шаралар. Бұл дәстүрдің жалғаса беруі қала тұрғындары үшін үлкен қуаныш болары сөзсіз.
