ТҮРКІСТАНДА «БИЗНЕС ЖӘНЕ ИНВЕСТИЦИЯНЫ ҚОРҒАУ» ФОРУМЫ ӨТТІ

Түркістан облысында  кәсіпкерлердің құқықтарын қорғау, өңірдегі бизнеске кедергі келтіретін жүйелі мәселелерді анықтап, уәкілетті органдармен бірлесіп шешу жолдарын табуға арналған форум өтті. Түркістан облысының прокуратурасы мен Кәсіпкерлер палатасы ұйымдастырған «Бизнес және инвестицияны қорғау» тақырыбында өткен форумға құқық қорғау және бақылаушы мемлекеттік органдардың, облыстық басқармалардың 40-тан астам мекеме өкілдері және 100-ге жуық кәсіпкерлер мен инвесторлар қатысты.

Отандық кәсіпкерлікті дамыту Мемлекет басшысының  назарында.  2023 жылғы 12 қыркүйекте отандық бизнес өкілдерімен болған кездесуінде Президент  Үкіметке бизнестің жеке бастамаларына барынша қолдау көрсетуді  тапсырып, мемлекет пен бизнесті жаңа «қоғамдық шарт» жасауға шақырған болатын.

Бұл шарттың мәнін Президент былай  сипаттаған: Мемлекет бизнестің дамуы үшін барынша қолайлы жағдай жасайды және жеке меншіктің толық қорғалуын қамтамасыз етеді. Ал, кәсіпкерлер өздеріне жүктелген міндетті, атап айтқанда, салық төлеу,  экономикаға инвестиция құю,  жұмыс орындарын ашу, қызметкерлеріне қолайлы еңбек орта қалыптастыру секілді міндеттерді адал орындайды.

Сол кездесуде Мемлекет басшысы ең алдымен заң үстемдігін және жеке меншіктің қорғалуын қамтамасыз ету  қажет екенін атап өткен болатын. Түркістан облысында кәсіпкерлердің құқын қорғау бағытында жұмыстар қарқынды жүруде. Жыл басынан бері Кәсіпкерлер палатасы Өңірлік кеңесінің төрағасы Нұралы Әбішов бастаған топ аудандарға барып кәсіпкерлермен кездесулер өткізіп, толғандырған мәселелерін тыңдап,  шешім табуына ықпал етіп келеді.

Бүгінгі форумда да кәсіпкерлер көкейдегі мәселелерін көтерді. Әрбірінің мәселесі тез арада шешуді қажет етеді. Мәселен,  ЖК «Н.Шагиров» балық шаруашылығына алған жерге қатысты құжаттың архивте болмауына байланысты қазір сот жағалап жүр.  Ал,  жиһаз өндірісімен айналысатын «Ideal Turkestan» ЖШС электр қуатының жеткіліксіздігі мен тұрақсыздығына байланысты өндірісті кеңейте алмай отыр. Кәсіпкер жлектр қуаты 1200 кВт-қа арттырылса деген ұсынысын айтты.

«СТРОЙСЕРВИС» ЖШС кәсіпорнының экологиялық төтенше аймақта орналасуына байланысты жұмысын жалғастыра алмай отыр. «ЕРСҰЛТАН АГРО» ЖШС мен 28 кәсіпкерге  берілген ауыл шаруашылығы мақсатындағы жердің заң бұзушылық негізінде берілгені анықталып, сот шешімімен келісімшарттар жарамсыз деп танылған. Кәсіпкерлердің шығыны көп, жұмыспен қамтылғандар бар.

«Astana Railway Services» ЖШС Арыс вагон жөндеу депосы маңындағы жол белгісінің жүк көліктерінің қозғалысына кедергі келтіріп жатқанын, соны алып тастау немесе жүк көліктеріне тұрақты рұқсат беру бойынша өтінішін айтты. «Кентау Полиметалл» ЖШС өңделген рудалардан металл алу үшін уақытша қалдық қоймасы қажеттігін, ал ұсынылған 6 орын санитарлық талаптарға сай келмейтінін жеткізді.

«Түркістан көпсалалы жоғары медицина колледжі» ЖШС-ның мәселесі де өзекті.  Жеке меншік колледжге мемлекеттік грант берілмей отыр.

Форум өңірдегі бизнесті дамытуға бағытталған идеялармен, стратегиялармен, инвестицияларды тарту тәсілдерімен алмасу алаңына айналды.

Өңірлік кәсіпкерлер кеңесінің төрағасы Нұралы Әбішов:

«Бүгінгі форум – кәсіпкерлік саласындағы реформаларды түсіндіру мен бизнес мәселелерін талқылауға арналған маңызды алаң. Мемлекет басшысы әділ және бәсекелі экономика құру, инфрақұрылымды дамыту, инвестиция тарту мен бизнесті қолдауды басты міндет етіп қойды. Осы бағытта біз де Өңірлік кеңес аясында 2023–2024 жылдары 58 мәселенің жартысына жуығын шешуге ықпал еттік, қалғанын бақылауға алдық. Биыл жеке қабылдау форматында аудандарды аралап, кәсіпкерлердің инфрақұрылым, құжат айналымы, қысым көрсетуге қатысты мәселелерін тыңдадық. Бұл сұрақтардың бәрі бақылауда. Президент атап өткендей, жазалау емес, қолдау арқылы бизнесті дамыту – басты мақсат. Біз алдағы уақытта да барлық аудандарға барып, кәсіпкерлердің мәселелерін жеке қарап, шешу жолында жұмыс істей береміз деп сенемін», – деп атап өтті.

Түркістан облысы кәсіпкерлер палатасының директоры Асылан Ибадуллаев:

«Форум – кәсіпкерлердің даусын естіртетін маңызды алаң. Біз бизнеске әкімшілік кедергілерді азайтуға, олардың мәселелерін тікелей құзырлы органдармен бірлесе шешуге мүдделіміз. Бүгінгі кездесуде көтерілген сұрақтар – өңірлік кәсіпкерліктің нақты жағдайын көрсетеді. Әрбір мәселе Палатаның тұрақты бақылауында болады», – деп атап өтті.

Форум қорытындысы бойынша кәсіпкерлер көтерген мәселелер бақылауға алынып, әрбір мәселе бойынша нақты уәкілетті орган жауапты болып бекітілді.

Бұл бастама кәсіпкерлікке қолайлы жағдай жасауға және мемлекеттік органдар мен бизнес арасындағы сенімді арттыруға бағытталған.

Оқи отырыңыз

Соңғы жаңалықтар