ТҮРКІСТАНДА ИНВЕСТИЦИЯЛЫҚ ЖОБАЛАРДЫ ҚҰҚЫҚТЫҚ СҮЙЕМЕЛДЕУ МӘСЕЛЕЛЕРІ ТАЛҚЫЛАНДЫ

Түркістан қаласында маңызды инвестициялық жобаларды сүйемелдеу бойынша кезекті кездесу өтті. Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес қала прокуратурасы инвестициялық жобаларды құқықтық қолдауды жүйелі түрде жүзеге асырып келеді.

Түркістан қаласы прокурорының орынбасары О.Мусаев және облыс прокурорының инвестициялық жобалар жөніндегі аға көмекшісі Н.Мустафаевтың төрағалығымен өткен кездесуге өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына елеулі үлес қосып жүрген ірі кәсіпкерлер қатысты.

Бұл кездесу Түркістанның әлеуметтік-экономикалық дамуына серпін беретін инвестициялық жобаларды құқықтық тұрғыдан қамтамасыз ету бағытындағы жұмыстардың маңызды кезеңі болды. Қала прокуратурасының белсенділігі мен мемлекеттік қолдауы арқасында инвесторларға тиісті құқықтық көмек көрсетіліп, олардың жобаларының заңды негізде жүзеге асуына жағдай жасалуда.

Кездесуде Жалпыұлттық және Өңірлік пулға енгізілген жобалардың жүзеге асырылуы жан-жақты талқыланып, инвесторлармен жеке қабылдаулар ұйымдастырылды. Бұл қабылдаулар инвесторлардың өздерін толғандыратын нақты мәселелерді ашық айтуына және оларға жедел жауап алуына мүмкіндік берді.

Атап айтқанда, тұрғын үй, қонақ үй, тігін фабрикасы және жиһаз өндіретін цех құрылысына қатысты мәселелер қаралды.

Аталған жобалардың барлығы жүздеген жұмыс орнын құруға және қаланың инфрақұрылымын дамытуға тікелей ықпал етеді. Бұл, өз кезегінде, Түркістанның әлеуметтік-экономикалық жағдайын жақсартуға және халықтың әл-ауқатын арттыруға бағытталған маңызды қадамдар болып табылады.

Инвестициялық жобаларды құқықтық сүйемелдеу – бұл тек заңдылықты қамтамасыз ету ғана емес, сонымен қатар инвесторлардың сенімін нығайтудың және өңірге қосымша капитал тартудың маңызды факторы. Прокуратураның бұл бағыттағы жүйелі жұмысы инвесторларға жобаларын жүзеге асыру кезінде туындайтын кез келген құқықтық кедергілерді жеңуге көмектеседі. Бұл, өз кезегінде, жобалардың уақтылы және тиімді орындалуын қамтамасыз етеді.

Кездесу барысында инвесторлар тарапынан қойылған сұрақтар мен ұсыныстар мұқият тыңдалып, олардың шешілуіне бағытталған нақты шаралар белгіленді. Бұл кездесулер инвесторлар мен мемлекеттік органдар арасындағы өзара сенімді нығайтып, Түркістан қаласының инвестициялық тартымдылығын арттыруға ықпал етеді. Жалпы, бұл жұмыс Түркістанды өркендету жолындағы маңызды қадамдардың бірі болып табылады.

Оқи отырыңыз

Соңғы жаңалықтар