ТҮРКІСТАНДА ТАҒЫ БІР АУЫЛ «КӨГІЛДІР ОТЫНҒА» ҚОЛ ЖЕТКІЗДІ

Ордабасы ауданында халықтың әл-ауқатын жақсартуға бағытталған инженерлік инфрақұрылымды дамыту жұмыстары кезең-кезеңімен жүзеге асырылуда. Осы орайда Төрткүл ауылдық округіне қарасты Ақсары ауылына табиғи газ беріліп, көптен күткен қуанышты сәттің салтанатты ашылу рәсімі өтті.

Маңызды іс-шараға Ордабасы ауданының әкімі Азат Оралбаев, аудандық мәслихат төрағасы Бақдәулет Жұмабеков, сала мамандары мен ауыл тұрғындары қатысып, ел қуанышына ортақтасты. Облыстық бюджет есебінен қаржыландырылған жобаның құрылыс жұмыстары 2025 жылдың қыркүйек айында басталып, 2026 жылдың маусымында толық аяқталды. Нәтижесінде ұзындығы 9,7 шақырымды құрайтын газ құбыры тартылып, бүгінде 50 тұрғын үй табиғи газға қосылды.

Салтанатты шара барысында аудан әкімі Ақсары ауылына табиғи газдың берілуі тұрғындардың тұрмыс сапасын арттыруға бағытталған нақты қадамдардың бірі екенін атап өтіп, алдағы уақытта да аудандағы елді мекендерді инженерлік-коммуналдық инфрақұрылыммен қамтамасыз ету жұмыстары жүйелі түрде жалғасатынын жеткізді. Жиында ауыл ақсақалы көгілдір отын алауын салтанатты түрде жағып, жұртшылыққа ақ батасын берді. Өз кезегінде жергілікті тұрғындар игі жобаның жүзеге асуына үлес қосқан барлық азаматтарға шынайы ризашылықтарын білдірді.

Бүгінгі таңда Ордабасы ауданындағы 57 елді мекеннің 45-і табиғи газбен қамтылып отыр. Бұл көрсеткіш ауданның газдандыру деңгейі 79 пайызға жеткенін айғақтайды. Алдағы уақытта да тұрғындарды сапалы көгілдір отынмен қамтамасыз ету бағытындағы ауқымды жұмыстар өз жалғасын табатын болады.

Оқи отырыңыз

Соңғы жаңалықтар