ТҮРКІСТАНДА ТАБИҒИ ГАЗҒА ҚОСЫЛҒАН АБОНЕНТТЕР САНЫ 46 270-КЕ ЖЕТТІ

Түркістан қаласында табиғи газды пайдаланушылар санының артуымен қатар, газ қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселесі де өзекті болып отыр. «Газ инспекциясы» коммуналдық мемлекеттік мекемесінің (КММ) деректеріне сәйкес, қалада табиғи газға қосылған абоненттер саны 46 270-ке жеткен. Бұл көрсеткіштің ішінде жеке үйлердің үлесі – 33 833, ал көпқабатты үйлердегі абоненттер саны – 12 437.

Жыл басынан бері «Газ инспекциясы» КММ белсенді жұмыс жүргізіп, 43 626 абонентті тексеруден өткізді. Бұл тексерулердің нәтижесінде, газды дұрыс пайдаланып отырған абоненттер саны – 40 770. Алайда, 2 856 абонентте газды пайдалану кезінде кемшіліктер анықталған. Бұл кемшіліктердің уақтылы жойылуы газ апаттарының алдын алу үшін өте маңызды.

Түркістан қаласындағы кәсіпкерлік нысандар да газ қауіпсіздігін бақылаудан тыс қалмайды. Жалпы 847 кәсіпкерлік нысанының 189-ы тексеріліп, оның 45-інде кемшіліктер табылды. Бұл кемшіліктердің 28-і бойынша тиісті жұмыстар жүргізіліп, толық жөндеу жұмыстары аяқталды. Қалған нысандардағы кемшіліктерді жою бойынша жұмыстар жалғасуда.

Ерекше назар аударылатын салалардың бірі – білім беру мекемелері. Мектептер мен балабақшаларда газ қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында «Газ инспекциясы» КММ тарапынан жүйелі түрде ескертулер жасалып, рейдтік шаралар ұйымдастырылуда. Бұл шаралардың негізгі мақсаты – балалардың қауіпсіздігін барынша қамтамасыз ету және газ апаттарының алдын алу.

Түркістан қаласындағы «Газ инспекциясы» КММ-нің белсенді жұмысы халықтың газды қауіпсіз пайдалануын қамтамасыз етуге бағытталған. Абоненттер санын арттырумен қатар, жүргізіліп жатқан тексерулер мен анықталған кемшіліктерді жою жұмыстары газ саласындағы қауіпсіздікті нығайтуға ықпал етеді. Барлық тұрғындар мен кәсіпкерлік нысандардың иелері газ жабдықтарын пайдалану ережелерін қатаң сақтауға және газ қызметінің нұсқаулықтарына құлақ асуға шақырылады.

Оқи отырыңыз

Соңғы жаңалықтар