Түркістан қаласы тағы бір демалыс аймағымен толықты. Бүгін шаһардың Әкімшілік-іскерлік орталығынан бой көтерген жасанды көлі бар саябақ пайдалануға тапсырылды. Жаңа нысанның ашылу салтанатына облыс әкімі Нұралхан Көшеров қатысып, тұрғындарға ізгі тілегін жеткізді.
– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы «Елімізді көгалдандыру, абаттандыру – үлкен мемлекеттік маңызы бар іс. Бұл – жалпыұлттық мәселе. Қазақстанымыз таза болуы қажет» деп айтқан болатын. Ал, бұл саябақ – қаланың экологиялық, туристік әлеуетін арттыруға бағытталған тың жобалардың бірі. Саябақ Түркістанның жасыл қалаға айналуына үлкен септігін тигізеді. Жалпы Түркістанда 109 саябақ пен сквер бар. Ал, бүгін ашылған саябағымыз 110-шы болып отыр. Бұл жобаны іске асыруға атсалысқан барлық мамандарға, құрылысшыларға алғысымды білдіремін. Сіздердің еңбектеріңіз – елге қызмет етудің жарқын белгісі. Аймақта жыл санап туристер саны өсіп келеді. Демалыс орындары да ашылуда. Осылардың барлығы Түркі әлемінің орталығы Түркістан қаласының дамуына оң серпін береді. Сіздерді жаңа саябақтың ашылуымен тағы да шын жүректен құттықтаймын! – деді Нұралхан Көшеров.
Қалалық саябақта Түркістан қаласының ерекше мәртебесіне және 1 маусым – Халықаралық балаларды қорғау күніне орай ұйымдастырылған мерекелік концерт өтті. Қала тұрғындары мен қонақтарының назарына би және театрландырылған қойылымдар ұсынылып, әуезді әндер орындалды. Серік Ибрагимов, Нұржан Жүсіпбеков, Гүлмира Құдайбергенова және басқа да елімізге танымал әншілер мен домбырашы балалар тобы өнер көрсетті. Сонымен қатар «Күлтегін» этно-фольклор ансамблі мен «Жастар» және «Жаңа леп» ұжымы, «Семсер» тобы халық әндері мен заманауи туындылар орындап, көтеріңкі көңіл күй сыйлады.
Салтанатты шара барысында балалар мен ересектерге арналған интерактивті аймақтар ұйымдастырылды. Атап айтқанда, цирк, аниматорлар және армандар шары шоуы көрсетіліп, спорттық жарыстар, сурет және қыштан бұйым жасау шеберлік сағаттары өтті.
