Түлкібас ауданы – Түркістан облысының ең көрікті, экономикалық әлеуеті жоғары және логистикалық тұрғыдан тиімді орналасқан аймақтарының бірі. Өңірлерді дамыту бағдарламалары аясында бұл ауданда инфрақұрылымды жаңарту бағытында кешенді жұмыстар жүргізіліп жатыр. Аудан әкімі Асқар Естібаев азаматтарды жеке қабылдау барысында тұрғындар тарапынан көтерілген өзекті мәселелердің шешілуін үнемі жеке бақылауында ұстап келеді. Осы бағыттағы жұмыстар жүйелі түрде жалғасып, аудан басшысы жұмыс сапарымен аймақты аралап, атқарылып жатқан жұмыстардың барысымен танысты.
Көшелерді жөндеу – басты назарда
Жұмыс сапары барысында аудан орталығындағы Досалиев көшесінің тұрғындары көтерген мәселе ерекше назарға алынды. Аудан әкімі аталған көшеге арнайы барып, тұрғындармен жүздесті және жолдың қазіргі жағдайын өз көзімен көрді. Нәтижесінде шұғыл жөндеуді қажет ететін көшеге күтіп-ұстауға бөлінген қаржы есебінен толық жөндеу жұмыстарын жүргізуді тапсырды.
Сонымен қатар аудан орталығындағы Грицинин көшесінің де тозығы жетіп, жол жабындысының бірнеше жері бүлінгені анықталды. Осыған байланысты жауапты мекемелерге аталған көшеге де жөндеу жұмыстарын сапалы жүргізу жөнінде нақты тапсырмалар берілді.
Су қоймаларының ахуалы және қауіпсіздік шаралары
Аудан басшысы округтерді аралау барысында Сартөр және Құлан су қоймаларының қазіргі жай-күйімен де танысты. Су қоймаларының негізгі мақсаты – көктемгі және жауын-шашын кезінде жиналған суды сақтап, оны ауыл шаруашылығы мақсатында тиімді пайдалану, егістік алқаптарын суару маусымында тұрақты сумен қамтамасыз ету, сондай-ақ су қорын жинақтап, табиғи ресурстарды ұтымды басқару болып табылады.
Қазіргі таңда Сартөр су қоймасының жалпы сыйымдылығы 1 млн текше метрді құрайды. Бүгінде онда 700-800 мың текше метр су жиналып, су қоймасы шамамен 80 пайызға толған. Ал Құлан су қоймасының сыйымдылығы 1 млн 400 мың текше метр болса, қазіргі уақытта су толық жиналып, 100 пайызға толған.
Су қоймаларын аралау барысында аудан әкімі су қауіпсіздігі мәселесіне ерекше тоқталды. Түркістан облысы әкімдігінің тапсырмасына сәйкес су қоймаларының маңына «Шомылуға тыйым салынады» деген ескерту тақтайшаларын орнатуды, қауіпсіздік талаптарын күшейтуді және оған қарамастан рұқсат етілмеген орындарда суға түскен азаматтарға қолданыстағы заңнамаға сәйкес әкімшілік жауапкершілік шараларын қолдануды қатаң тапсырды. Сонымен қатар жауапты сала басшыларына түсіндіру жұмыстарын тұрақты жүргізіп, адам өмірі мен қауіпсіздігін қамтамасыз ету бойынша профилактикалық шараларды күшейту міндеттелді.
Әлеуметтік нысандар құрылысының сапасы бақылауда
Сапар барысында аудан әкімі Бақыбек мөлтек ауданында салынып жатқан 100 орындық клубтың құрылыс алаңына барып, нысанның құрылыс барысымен танысты. Құрылыс барысында анықталған кемшіліктер бойынша жауапты құрылыс бөлімі мамандарына нақты тапсырмалар беріліп, құрылыс жұмыстарын белгіленген талаптарға сай, сапалы әрі уақытылы аяқтау қажеттігі ескертілді.
Сонымен қатар ауданда биылғы жылы төрт фельдшерлік-акушерлік пункттің (ФАП) құрылысы аяқталып, халық игілігіне пайдалануға беріледі деп жоспарлануда. Аудан басшысы аталған нысандардың құрылыс алаңдарын да аралап, жұмыстардың орындалу барысын бақылады. Әр кезеңдегі құрылыс жұмыстарын саралаған аудан басшысы нысандардың сапасына ерекше назар аударып, жауапты мердігерлер мен сала мамандарына жұмыстарды белгіленген мерзімнен кешіктірмей, барлық талаптарды сақтай отырып аяқтау жөнінде нақты тапсырмалар берді.
