Қоғамдағы отбасы институтын нығайту және тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу мақсатында өңірде «Тұрмыс» жедел-профилактикалық іс-шарасы қарқынды жүргізіліп жатыр. Осы бастама аясында Созақ ауданы полиция бөлімінің профилактикалық есебінде тұрған, зорлық-зомбылықтан зардап шеккен азаматтарға тиісті құқықтық және психологиялық қолдау көрсету жұмыстары қолға алынды.
Созақ ауданы полиция бөлімінің Қоғамдық қауіпсіздік бөлімшесінің Отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы күрес тобының аға инспекторы, полиция аға лейтенанты Жанерке Жұматова және әйелдерді зорлық-зомбылықтан қорғау жөніндегі инспектор, полиция майоры Айжан Манапова есепте тұрған жәбірленушіні «Отбасын қолдау орталығы» КММ-ге жеткізді. Онда мамандар тарапынан қажетті көмек көрсету жұмыстары ұйымдастырылды.
Орталықтың білікті психологі Құралай Ыдырысова жәбірленушімен жеке кездесу өткізді. Кездесу барысында жәбірленушінің психоэмоционалдық жағдайын тұрақтандырылып, бастан өткерген стресс пен күйзеліс деңгейін төмендету бойынша жұмыс жүргізілді. Өмірлік қиын жағдайдан шығудың тиімді жолдары бойынша кеңес берілді.
Сонымен қатар, маман жәбірленушіге мемлекет тарапынан берілетін қажетті әлеуметтік және құқықтық қолдау алу мүмкіндіктерін егжей-тегжейлі түсіндіріп өтті.
Аталған алдын алу және оңалту жұмыстарының басты мақсаты – тұрмыстық зорлық-зомбылықтан зардап шеккен азаматтарға уақтылы әрі кешенді көмек көрсету, олардың заңды құқықтары мен мүдделерін қорғау, сондай-ақ отбасындағы татулық пен қауіпсіздікті қамтамасыз ету болып табылады.
Тәртіп сақшылары мен әлеуметтік сала мамандарының бұл бағыттағы бірлескен жұмыстары алдағы уақытта да жүйелі түрде жалғаса бермек.
